Атырау, 1 қаңтар 16:10
 бұлттыВ Атырау -6
$ 505.53
€ 593.44
₽ 6.34

2026 жыл – Қазақстанда Цифрландыру және Жасанды интеллект жылы

Бейнежазба
87 рет қаралды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа 2026 жылға орай халыққа дәстүрлі құттықтауын жолдады.

Мемлекет басшысы 2025 жылды еліміз үшін табысты кезең болғанын атап өтті. Ел экономикасы 6 пайыздан астам өсімге қол жеткізіп, алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты. «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылып, 13 мың шақырым автокөлік жолы салынды және жөнделді.

Президент ауыл шаруашылығына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілгенін, диқандар мол өнім алғанын айтты. Сонымен қатар 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынып, мыңдаған отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік салада жүзден астам мектеп пен екі жүзге жуық денсаулық сақтау нысаны ашылды.

Тоқаев білім, ғылым, мәдениет және спорт салаларындағы жетістіктерді ерекше атап өтіп, еңбек адамдарына құрмет көрсетілгенін жеткізді. Ол ХХІ ғасырдың бірінші ширегін Қазақстан абыроймен аяқтағанын, елдің аймақтағы көшбасшылық орнын нығайтқанын айтты.

Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» жобасы жалғасатынын, алдағы конституциялық реформаның ел дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы жастарға үндеу жасап, Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзін еске салды. Ол әр азаматқа денсаулық, амандық және табыс тілеп, елдің бірлігі мен ынтымағы басты құндылық екенін айтты.

2026 жылды Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның ұсынысымен Халықаралық еріктілер жылы деп жариялағанын да атап өтті.

«Жаңа жыл құтты болсын! Көк туымыз мәңгі желбіресін! Отанымыз – Қазақ Елі жасай берсін!» – деді Президент.


Бүгін, 14:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.