
Астанада ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Көлік министрлігі, қала әкімдігі және Yandex Qazaqstan компаниясы арасында жүргізушісіз такси жобасын дамытуға қатысты меморандумға қол қойылды. Құжат елордада автономды такси қызметін кезең-кезеңімен енгізуді көздейді.
Қол қою рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары әрі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана әкімінің орынбасары Евгений Глотов және Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов қатысты.
Жоба 2026 жылдан бастап нормативтік және технологиялық дайындықтан пилоттық іске қосуға дейінгі бірнеше кезеңде жүзеге асырылады. Автономды такси қалалық мобильділікті ұзақ мерзімді дамытуға бағытталған. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, мұндай технологиялар адам факторын азайтып, жол-көлік оқиғаларын төмендетуге, көлік қозғалысын тиімді басқаруға және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық активтер және серпінді технологиялар комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов: «Басты назар – қауіпсіздік пен жауапкершілікте. Біз адам мен алгоритмдердің өзара әрекеттесуін алдын ала пысықтап, заңды әрі ашық дамуға мүмкіндік беретін нормативтік базаны дайындап жатырмыз. Автономды такси – «ақылды қала» экожүйесінің маңызды бөлігі», – деді.
Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шәлекенов жобаның кезең-кезеңімен іске асатынын атап өтті: «Алдымен пилоттық режимде тестілеу жүргізіледі. Бұл қалалық ортаның нақты жағдайларын ескеруге мүмкіндік береді. Сервисте тәулік бойғы диспетчерлік қолдау мен сақтандыру қарастырылған. Жасанды интеллектке негізделген басқару жүйесі жол жағдайын үздіксіз бақылап, қауіпсіз әрекет ету сценарийлерін қолданады. Жиналған тәжірибе мен тұрақтылық расталған сайын қызмет ауқымы кеңейеді», – деді ол.
Меморандум мемлекет, қала және технологиялық компанияның инновациялық көлік шешімдерін дамытуға деген ортақ ұмтылысын айқындайды. Қазіргі таңда тараптар нормативтік базаны қалыптастыруға, инфрақұрылымдық талаптарды бағалауға және жүргізушісіз көлікті қалалық ортаға енгізу жолдарын талдауға басымдық беріп отыр.
В Атырау -2