
Өңір фермерлері екінші жыл қатарынан ірі сабақты мал азығын дайындауға қолдау көрсетуді сұрап келеді. Олар шабындық жерлердің жетіспеушілігін, шығындардың көбейгенін және сырттан әкелінетін шөпке тәуелділікті алға тартып отыр.
Алайда әкімдік қазіргі уақытта субсидияны қайта енгізуге негіз жоқ деп санайды, көмек тек аса қатты қуаңшылық жағдайында ғана көрсетілуі мүмкін.
Жалпы облыста шабындық жердің тапшылығы, климаты жағынан алғанда ылғалдың аз түсуі, қуаңшылықтың болуы жиі кездеседі. Сол себептен қажетті мал азығын дайындауда Атырау, Индер, Махамбет, Жылыой, Исатай, Махамбет ауданы шаруалары тығырыққа тірелуде. Негізі шабындықтың аздығынан қажетті мал азығының 60-65 пайызы ғана жергілікті жерден дайындалса, қалған бөлігі сырттан тасымалданады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан облысымен өзара келісім жасап, меморандумға қол қойылған.
- Жалпы пішен дайындау науқаны кезінде жанар, жағармай өте көп кетеді, ал ол қымбатқа түсіп тұр. Айналғанда орам шөптердің бағасы түсетін түрі жоқ. Қазір бір орам шөп 8, ал Азғыр өңірінде 10-15 мың теңгеден кем емес. Негізі мұнайлы өңір болғанымызбен субсидияның берілмеуі біз ауыл шаруашылығын дамытуға кері әсерін тигізуде. Облыс төңірегінен шешілетін мәселе болғанымен әкімдік бұл өтінішімізге салғырт қарауда,-дейді шаруа қожалықтары қынжылыспен.
Жуырда Жылыой ауданында өткен тұрғындар жиынында субсидия мәселесі тағы көтерілді. Шаруа қожалығына қарасты шабындық жердің су астында қалуына байланысты көмек керек.
-Екі жыл қатарынан 3 млрд теңгеге жуық қаржыны ірі сабақты шөп дайындаушыларға субсидия ретінде бөліп берген болатынбыз. Оны әркім әрқалай пайдаланды, мақсатсыз жұмсағандар да болды. Көлік алды, болмаса үй қажеттілігіне жұмсады. Өткен жылы субсидия берілмеді, биыл да қажет деп таппай отырмыз. Егер өңірде қатты қуаңшылық болса көмек берілетін болады. Енді фермерлер мал азығын жаңбырлатқыш технологиясы әдісімен суаруды енгізе отырып, егіс көлемін арттыруға жұмыстануы керек,-деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -5