
Әлеуметтік желілерде Қазақстанның жаңа төлқұжаты делінген суреттер таралып, қоғамда пікірталас туғызды. Құжаттың сыртқы бейнесі Оңтүстік Корея паспортына ұқсас екені айтылып, қолданушылардың бір бөлігі оны заманауи әрі ықшам деп бағаласа, басқалары қазіргі көгілдір түсті төлқұжатты сақтап қалуды қолдады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Көпшілік қолданыстағы төлқұжаттың ерекшелігі – көгілдір түс пен елтаңба екенін атап өтті. Бұл Қазақстанмен тікелей байланысын көрсетіп, шетелде жиі назар аудартады деген пікірлер жазылды.
ІІМ өкілдері әлеуметтік желілерде тараған суреттердің ресми жобаға қатысы жоқ екенін растады. Дегенмен жаңа дизайн әзірленіп жатқанын хабарлады. Министрлік төлқұжаттың жаңа нұсқасы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) талаптарына сай қосымша қорғаныс элементтерімен және заманауи технологиялармен толықтырылатынын мәлімдеді.
Ведомствоның айтуынша, басты назар қауіпсіздік пен халықаралық стандарттарға сәйкестікке аударылады. Ал қоғамдық пікір белгіленген тәртіп аясында ескерілуі мүмкін.
В Атырау -4