
Lufthansa әуе компаниясының рейсі жолаушының қайтыс болуына байланысты Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонды. Бұл туралы Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі хабарлады.
Оқиға 2025 жылдың 26 желтоқсанында LH 0722 рейсінде болды. Ұшақ Мюнхеннен Бейжіңге бағыт алған. Ұшу барысында бір жолаушының жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған.
Экипаж дереу шешім қабылдап, Алматы халықаралық әуежайына қонды. Ұшаққа әуежайдың медициналық қызметі мен жедел жәрдем бригадасы жедел жетті. Алайда дәрігерлер жолаушының ұшу кезінде қайтыс болғанын растады.
Қажетті рәсімдерден кейін әуе кемесі жанармай құйып, сағат 07:56-да бағыты бойынша ұшуды жалғастырды.
Көлік полициясы департаменті хабарлағандай, оқиғаға байланысты Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады.
«Алдын ала анықталған өлім себебі — жүрек жетіспеушілігі. Қайтыс болған азамат шетелдік мемлекет азаматы. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде», — деп нақтылады департаменттің баспасөз қызметі.
В Атырау -4