
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аңызға айналған қолбасшы, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағы берілгенін жариялады. Тиісті Жарлыққа қол қойылып, белгіленген тәртіппен жарияланатын болады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, 24 желтоқсанда Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Оның ерліктері Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де кеңінен танымал.
«Халқымыз оның ерлігін қастерлейді. Алайда көрнекті батырға ресми түрде „Халық қаһарманы“ атағы берілмеген еді. Қоғам, зиялы қауым және жастар бұл мәселені бірнеше рет көтерді. Біз тарихи әділеттілікті қалпына келтіруіміз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Бауыржан Момышұлының есімі шынайы отансүйгіштіктің және жауынгерлік ерліктің символына айналғанын, оның батылдығы құжаттармен дәлелденіп, Ұлы Отан соғысына қатысушылар тарапынан мойындалғанын атап өтті.
«Бауыржан Момышұлының ерлігі – аңыз емес, даусыз шындық. Өз қаһармандарын еңбегі мен ерлігі үшін қастерлейтін қоғам ешқашан жеңіліске ұшырамайды», – деді Мемлекет басшысы.
Бұл шешім – батырдың ел тарихындағы орнына берілген жоғары баға әрі тарихи әділеттіліктің орнауы.
В Атырау -10