
Атырауда «Ғажайыпқа толы жаңа жыл» атты дәстүрлі Президент шыршасы ұйымдастырылды. Бұл мерекелік шараға қала мен аудандардан келген ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ оқу, шығармашылық және спортта жетістікке жеткен барлығы 300 бала қатысты.
Салтанатты кешке Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, балаларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жылы лебізін жеткізіп, мемлекет басшысының балалардың тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.
«Баршаңызды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының атынан келе жатқан жаңа 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы үнемі балалардың тәрбиесі мен біліміне аса көңіл бөліп келеді. Оның дәлелін өңірімізде салынып жатқан заманауи балабақшалар мен мектептерден көруге болады. Бұл — болашақ ұрпақтың саналы тәрбие мен сапалы білім алуына құйылған инвестиция. Осы елдің ертеңі — сіздер. Алда үлкен белестер бар. Сол биіктерді бағындыратыныңызға сенім білдіре отырып, дендеріңізге саулық тілеймін», – деді Серік Шәпкенов.
Балалар үшін арнайы бағдарлама ұсынылды: ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылымдар; Аяз ата мен Ақшақардың интерактивті ойындары; заманауи және халық билері; ән шашу.
Шара барысында балаларға мерекелік сыйлықтар таратылып, жаңа жылдық көңіл-күй сыйланды. Президент шыршасы дәстүрлі түрде балаларға қуаныш пен ғажайыпқа толы мерекелік атмосфера сыйлап, олардың жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.
В Атырау -7 






