
Оқиға 18 желтоқсан күні кешкісін Алиев көпірде болған. Жұмыстан қайтып келе жатқан №5 қалалық емхананың фельдшері Мейірман Құсайын көпірдің шетінде тұрған ер адамды байқап, дереу қасына барып, сабырлы сөйлесіп, оны райынан қайтаруға тырысқан.
Куәгерлердің айтуынша, Мейірман кәсіби әрі байсалды әрекет еткен: оның дауысы сенімді, бірақ жұмсақ болған, әр сөзі қолдау мен жанашырлыққа толы еді. Ол ер адамның назарын өзіне аударып қана қоймай, полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырып үлгерген. Алты минуттай уақыт фельдшер ер адамды жалғыз қалдырмай, моральдық және психологиялық тұрғыдан қолдап тұрған.
Полиция дер кезінде келіп, ер адамды қауіпсіз жерге шығарып алды. Осылайша, жас маманның жылдам әрекеті мен адамгершілігінің арқасында қайғылы жағдайдың алдын алды.
Мейірман Құсайын №5 қалалық емханада учаскелік фельдшер болып жұмыс істейді. Жас болса да, ол жауапкершілігімен, кәсібилігімен және өз ісіне адалдығымен ерекшеленіп келеді.
— «Адам өмірі – ең жоғары құндылық. Бұл тек кәсіби салада ғана емес, күнделікті өмірде де солай. Егер көмектесуге мүмкіндік болса – ол менің азаматтық парызым», — дейді Мейірман.
Бұл оқиға медицина қызметкерлерінің тек аурухана қабырғасымен шектелмейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Олар күнделікті ортада да адам өмірін құтқаруды жалғастырып, шынайы адамгершілік пен кәсібіне адалдық көрсетіп келеді.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10