Атырау, 24 қаңтар 00:08
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -10
$ 503.35
€ 590.63
₽ 6.62

Атырауда журналист-майдангер Иван Свербихиннің есімі ұлықталды

479 рет қаралды

Атырауда белгілі журналист, Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Свербихиннің құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Бұл шара облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің 105 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Иван Петровичтің есімі өңірлік журналистиканың кәсіби кемелдену кезеңімен тығыз байланысты. Мордовия облысының Николаевка ауылында туған ол еңбек жолын Доссорда жөндеуші болып бастап, соғыстан кейін баспасөзге келген. «Мунайшы» аудандық газетінде редактор, «Казправдада» тілші болып қызмет атқарған. 1965–1982 жылдары «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы болды. Оның жетекшілігі кезінде басылым талапшылдық пен тәртіптілікті күшейтіп, көптеген журналистер үшін кәсіби мектепке айналды.

Соғыс жылдарындағы ерлігі үшін Свербихин І дәрежелі Отан соғысы орденімен және ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Ал бейбіт өмірде ол оқырман сенімін бәрінен жоғары қойып, кәсібилігімен құрметке ие болды.

Мемориалдық тақтаның ашылуына ардагер журналистер, редакция қызметкерлері, қоғам қайраткерлері және оқырмандар қатысты. Құрметті қонақтардың бірі — Свербихиннің немересі Инна болды. 

Ол: «Атам газетпен өмір сүрді, оны өмірлік ісі деп санады. Оның еңбегін шын жүректен еске алғандары біз үшін өте қымбат», — деді.

Әріптестері оны қатал, бірақ әділ басшы ретінде еске алды. Ол үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Мемориалдық тақтаның дәл газеттің мерейтой күні ашылуы — басылым тарихының ең алдымен адамдар тарихы екенін айқын көрсететін белгі болды.

Алма ҚАЛУСАРИЕВА

Суреттерді түсірген автор

25 желтоқсан 2025, 15:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.