
Сынға ұшырағандардың қатарында Атырау қаласы әкімі Шәкір Кейкін де бар.
Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың «Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау шараларын көрсету тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит» тақырыбындағы есебі тыңдалды.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге және Атырау облысы әкімдігінің өкіліне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметіне қатысты екі маңызды сұрақ қойды.
ӘКК-ның бюджет қаражатын депозитке салуы
Депутат бірінші сұрағында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың мемлекеттік қаржыны депозитке салу тәжірибесін сынға алды.
«ӘКК-ның 2024 жылғы есеп нәтижесі бойынша 35 пайызы бюджет ақшасын депозитке салып қойған. Одан тапқан кірісі мен несие беруден түскен табыс – инвестиялық жобаларға да, өңірлік даму жұмысына да еш қатысы жоқ. Бір мысал келтірейін: Ақтөбе корпорациясы 2 млрд теңге тапқан, соның 1 млрд 700 млн теңгесі депозиттен түскен пайда. Бұл – өзінің нақты кірісі жоқ деген сөз. “Алма піс, аузыма түс” деген саясат қашан доғарылады? Осы депозиттік саясатты қашан тоқтатамыз, несие беруді қашан доғарамыз?» – деді депутат.
Бұл сұраққа жауап берген Серік Жұманғарин депутат көтерген мәселенің бар екенін мойындады. Ол әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қандай мақсатта құрылғанын түсіндіруден бастады.
«ӘКК бизнесті қолдау үшін, өңірлік даму институты болу үшін құрылған. Бірақ білім аз болса, жобалар болмаса, қаражатты депозитке салады. Бұл – не істеуді білмеуден.
Біріншіден, оған қатаң шектеу қойылды. Себебі 2023 жылдан бастап бос қаражаттың тек 10 пайызын ғана депозитке салуға рұқсат етілді. Қазіргі уақытта жаңа Бюджет кодексінде депозитке салу тек мемлекеттік қазынашылықтың келісімі арқылы ғана мүмкін деп белгіленген.
Менің ойымша, мемлекеттік қазынашылық депозитке салуға ешқашан келісім бермейді. Қаражат бар болса, оны жұмсау керек – бизнесті қолдау керек, өңірді дамыту керек.
Қазір Үкіметте ӘКК-ға қатысты жаңа реформаны ойластырып жатырмыз. Келесі жылдың бірінші тоқсанында сіздерге келіп, жаңа көзқарасты ұсынамыз: ӘКК қандай өңірлік даму институты болады, ішінде қандай функциялар қалады, қандай функциялар алынып тасталады – соның бәрін бөлісеміз», – деді вице-премьер.
Мемлекеттік қызметкердің коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуы
Депутаттың екінші сұрағы мемлекеттік қызметкерлердің коммерциялық ұйымдардың басқару органдарына қатысу заңдылығына қатысты болды.
«Мемлекеттік қызметкерлерге коммерциялық мекемелердің басқару жүйесіне қатысуға тыйым салынған. Бұл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамада қарастырылған норма.
Бірақ Атырау қаласының әкімі Кейкин мырза “Атырау” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының директорлар кеңесінің мүшесі болып келген. Осыған қалай жол берілді? Мен түсінбеймін, бұл әкім заңмен қойылған талаптарды білмегені ме?» – деп сұрады Анас Баққожаев.
Бұл сұраққа Атырау облысы әкімдігінің өкілі – облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының кәсіпкерлікті қолдау және сауданы дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жұмаситов жауап берді.
Ол мұндай жағдайдың болғанын растады, алайда қазіргі таңда мәселе шешілгенін айтты.
«Биыл тамыз айынан бастап әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың директорлар кеңесінің құрамында мемлекеттік немесе саяси қызметкерлердің болуына тыйым салынды. Осыған байланысты қазіргі уақытта ӘКК директорлар кеңесінің құрамынан барлық мемлекеттік қызметкерлер алынып тасталды. Қазіргі жаңа құрамға тек кәсіпкерлер мен бизнес өкілдері кірді, жаңа директорлар кеңесі құрылды», - деді Нұрдәулет Жұмаситов.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -9