
Анкарада Ливия Қарулы күштерінің Бас штабы бастығы генерал-лейтенант Мұхаммед Али әл-Хаддад және оны ерткен төрт адам мен үш экипаж мүшесі отырған жеке ұшақтың апатқа ұшыраған жерінде қарқынды іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде. Таңғы жарық түскеннен кейін операция белсенділігі күшейді. Бұл туралы АА хабарлады.
Falcon 50 үлгісіндегі ұшақ кеше кешкісін Эсенбоға әуежайынан ұшып шыққаннан кейін электр жүйесінің ақауына байланысты «төтенше жағдай» туралы хабарлап, шұғыл қонуға рұқсат сұраған. Алайда әуе кемесі Хаймана ауданына қарасты Кесиккавак елді мекені маңындағы бос жерге құлап түсті.
Дабыл сигналы түскен соң қауіпсіздік күштері дереу оқиға орнына аттанып, көп ұзамай ұшақтың сынықтарын тапты. Қатты жаңбыр мен қою тұманға қарамастан, іздестіру-құтқару жұмыстары түн бойы тоқтаған жоқ. Таң атқан соң қарқыны одан әрі артты.
Жандармерия апат орнын қоршап, бөгде адамдарды кіргізбей отыр. Жердің батпаққа айналуына байланысты оқиға орнына гусеничті жедел жәрдем көліктері жіберілді.
Жұмыстарды төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы (AFAD) құрған мобильді басқару орталығы үйлестіріп отыр. Сонымен қатар Анкараның Бас прокуратурасы тағайындаған төрт прокурор тергеу жүргізуге кірісті.
Жақын уақытта Түркия ішкі істер министрі Али Ерлыкая апат орнына келіп, жағдайды жеке өзі тексереді деп күтілуде.
В Атырау -1