
19 жастағы Нұрай Бисенова бала кезінен-ақ аспанға ұмтылып өскен. Бүгінде ол Чехияда білім алып, өздігімен ұшақ басқарады. Осылайша, бала күнгі арманын шындыққа айналдырып келеді.
Мамандыққа қалай келгені, кездескен қиындықтары мен стереотиптері жайлы Нұрай NewTimes.kz-ке сұхбат берді.
Нұрай Чехиядағы техникалық университеттің бакалавриатында оқиды. Оқу кезеңінің бастапқы сатысында болса да, ол жеке әуе кемесін басқаруға рұқсат алған. Қазіргі таңда оның қолында PPL(A) — Private Pilot License (Aeroplane) сертификаты бар. Бұл құжат оған бір моторлы ұшақтарды визуалды ережелер бойынша басқаруға мүмкіндік береді. Ол Cessna 172 ұшағымен ұшып жүр және тоқтап қалуды ойламайды.
Жас пилот болашақта Professional Pilot мамандығын толық меңгеріп, біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Армандарының бірі — жеке ұшақ сатып алып, отбасымен бірге түрлі елдерге саяхаттау.
«Пилот мамандығы — үлкен жауапкершілік. Мұнда қателесуге болмайды, себебі бағасы тым жоғары. Бірақ мені дәл осы жауапкершілік қызықтырады», — дейді Нұрай.
Әйелдер үшін «әйел адамға тән емес мамандық» деген көзқарасқа ол да тап болған. Еуропада мұндай дискриминация сирек кездескенімен, кейбір үлкен буын өкілдері әлі де әйелдердің техникалық саладағы мүмкіндіктеріне күмән келтіреді. Қазақстанда да осындай пікірлерді естіген.
Соған қарамастан, Нұрай авиацияны өзінің өмірлік жолы деп санайды. Қозғалысқа, биіктікке және еркіндікке деген құштарлық оны бала кезінен жетелеп келеді. Мектептегі кәсіби бағдар курстары да оның таңдауының дұрыстығына сенімін арттырған.
«Мен ешқашан кеңседе жұмыс істеймін деп ойлаған жоқпын. Мені әрқашан кеңістік, тәуекел және күшті эмоциялар қызықтырды. Барлық тесттер мен ішкі түйсігім бір нәрсеге тоғысты — ол аспан», — дейді ол.
Нұрай үшін пилот болу — жай ғана жұмыс емес, ол оның өмір салты мен мінезінің көрінісі. Еркіндікке, қозғалысқа және алға ұмтылуға деген талпынысы осы мамандықпен үйлесіп тұр.
В Атырау -1