
Венесуэла президенті Николас Мадуро АҚШ басшысы Дональд Трамптың өз еліне қатысты айтқан сөздеріне жауап берді. Ол Трампты Венесуэлаға қысым көрсетудің орнына, АҚШ-тың ішкі экономикалық және әлеуметтік мәселелеріне назар аударуға шақырды, деп хабарлайды АА.
Каракаста өткен шарада сөйлеген Мадуро АҚШ-тың венесуэлалық мұнай танкерлерін тәркілеу әрекеттерін сынға алды. Оның айтуынша, Трамп Венесуэлаға тым көп уақыт бөледі.
«Әр президент өз елінің мәселесімен айналысуы керек. Егер Трамп өз елінің экономикасы мен қоғамына көңіл бөлсе, әлеммен қарым-қатынасы да жақсарған болар еді», — деді ол.
Мадуро АҚШ-тың Венесуэлаға мұнай саласы арқылы қысым көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Бұл сынақты еңсеріп, одан экономикалық тұрғыдан да, егемен мемлекет ретінде де күштірек болып шығамыз», — деді ол.
Сонымен қатар, Мадуро америкалық Chevron компаниясымен жасалған келісімдер толық орындалып жатқанын айтты.
«Біз келісімге қол қойсақ, оны Конституцияға сай толық орындаймыз. Венесуэлалықтар — адал әрі жауапты халық», — деді президент.
Айта кетейік, бұған дейін, 16 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға немесе елден шығатын санкцияға іліккен барлық мұнай танкерлеріне «толық әрі жан-жақты блокада» енгізуді тапсырған болатын. Ақ үйдің мәліметінше, бұл жеткізілімдер «есірткі терроризмін қаржыландыруға» пайдаланылуы мүмкін.
В Атырау 0