
18 тамыз күні Атырау қаласының Балықшы ықшамауданында әйел адам қаза тапты.
Бұл іс бойынша сот процесі аяқталып, оның күйеуіне айыптау үкімі шығарылды.
Сот анықтағандай, сол күні 41 жастағы ер адам ішімдік сатып алып, үйіне келген. Мас күйінде әйелін қызғанып, телефонын тексерген. Осыдан кейін ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққан. Біраз уақыттан соң әйел басқа бөлмеге өтіп, ұйқыға жатқан.
Кейін ер адам асүйге барып, оқтау алып, жатын бөлмеге кірген. Әйелі сол кезде ұйықтап жатқан. Ол әйелінің басынан бірнеше рет ұрған. Алған жарақатынан әйел сол жерде есін жимастан көз жұмған.
Бұл істі Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Ер адам әйелін өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда он жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірді. Сондай-ақ марқұмның туыстарынан және екі қызынан кешірім сұрады.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау 0