
Ұлттық аналитикалық орталық 21 желтоқсанда, 2025 жылдың басты тұлғаларына, мәдени жетістіктеріне және негізгі ассоциацияларына арналған зерттеу нәтижелерінің қорытындысын жариялады.
2025 жылдың басты тұлғалары
«Жыл адамы» деп кімді санайсыз деген сұраққа жауап берген азаматтардың арасында Қасым-Жомарт Тоқаев көш бастады. Бұл Президенттің ел өміріндегі негізгі тұлға ретіндегі рөлінің мойындалуын көрсетеді.
Одан кейін төмендегі тұлғалар аталды:
- «Қайрат» футбол клубының ойыншылары,
- Геннадий Головкин,
- Димаш Құдайберген,
- Улдана Мырзуан (фельдшер),
- Мұса Әбдірайым (Алматы әуежайында кепілге алынған әйелді құтқарған).
Бұл тізім қоғамның спортты, мәдениетті, кәсібилікті және азаматтық жауапкершілікті қатар бағалайтынын көрсетеді.
2025 жылғы мәдени трендтер
2025 жылы отандық кино көрермендер назарын тартуды жалғастырып келеді. Жылдың ең үздік қазақстандық фильмдерінің қатарынlа «Ауру», «Ыстық ұя», «Патруль. Соңғы бұйрық», «Офсайд» және басқалары аталды.
Қазақстанды әлемдік деңгейде танытып жүрген Димаш Құдайберген қазақстандық ең үздік орындаушылар рейтингісін бастап тұрды.
Үздік орындаушылар қатарында жиі аталғандары – Димаш Құдайберген мен Қайрат Нұртас болды. Тізімге жаңа музыкалық толқын өкілдері – Sadraddin, ALEM, «Ирина Кайратовна» тобы, Yenlik, Александр Лим, Raim, Молданазар, NINETY ONE, сондай-ақ кеңінен танылған орындаушылар – Мейрамбек Беспаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова және басқалар енді. Музыкалық талғамдар дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімін көрсетеді: этно-поптан бастап заманауи қалалық мәдениетке дейін.
Бір айта кетерлігі, Apple Music платформасындағы Top-100: Kazakhstan чартында қазақстандық орындаушылар жоғары орындарды иеленуде: ALEM-нің «Kuiim» композициясы 3-орында тұрса, Yenlik-тің «16 Qyz» әні әлемдік әртістермен қатар 10-орынға жайғасқан.
Жыл сөздері: даму, цифрландыру, ЖИ
2025 жылы Қазақстан үшін негізгі мәнді білдіретін сөздер мен тіркестер туралы сұраққа жауап бергенде, көпшілігі позитивті ассоциацияларды таңдады.
Қазақстан үшін жыл сөздері ретінде мыналар таңдалды:
- Даму,
- Цифрландыру,
- Жасанды интеллект,
- Табысты,
- Жаңару,
- Бірлік.
Егер екі танымал – «Цифрландыру» мен «Жасанды интеллект» жауаптарын біріктірсек, 2025 жылдың ел үшін жалпы бейнесі – технологиялық сипатта болады.
Көптеген басқа сипаттамалар да позитивті болды: Жақсару, Тұрақтылық, Сенім, Бейбітшілік, Сенімділік, Әділеттілік. Кейде бейтарап нұсқалар да аталды: Жұмысшы мамандық, Реформалар. Ал ең аз кездескендері – қиындықтар мен сынға қатысты сөздер: Қиын, Дағдарыс, Тоқырау және т.б.
Бұл нәтижелер маңызды мағыналық құрылымды көрсетеді: қоғам 2025 жылды ең алдымен жаңару, өсу және технологиялық прогресспен байланыстырады.
Қазақстандықтар Жаңа жылды қалай қарсы алады?
Қазақстандықтардың басым көпшілігі – 89% дәстүрлі түрде Жаңа жылды үйде, отбасылық ортада қарсы алуды жоспарлап отыр. Бұл қазақстандықтардың отбасы құндылықтарына берік екенін және Жаңа жылды отбасының дастарқаны төңірегінде қарсы алу дәстүрін сақтайтынын көрсетеді.
В Атырау 0