
Еске салайық, 2025 жылғы 29 қаңтарға қараған түні Атыраудағы «Villa Beer House» мекемесінің жабық VIP-кабинкасында болған жанжал ауыр жарақатпен, қылмыстық іспен және үлкен қоғамдық резонанспен аяқталған еді. Ол жерде бір емес, бірнеше мемлекеттік органның өкілдері болған. Арада он бір айға жуық уақыт өтсе де, бұл істің процессуалдық тұрғыда қалай аяқталғаны туралы қоғамға әлі күнге дейін нақты ақпарат берілген жоқ.
VIP-кабинкада Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Айдын Сауданбеков, оның орынбасарлары Әліби Бағытжанов пен Құрал Құрманбаев, сондай-ақ көлік прокуратурасының өкілдері — Асқар Жанысбаев және оның орынбасары Жарболат Қуаныш болған.
Бар мәліметтерге сәйкес, жанжал басшылардың бір бөлігі мекемеден кеткеннен кейін туындаған. Ұрыс-керіс мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Әліби Бағытжанов пен көлік прокурорының орынбасары Жарболат Қуаныш арасында болған. Нәтижесі ауыр болып, бас сүйек-ми жарақатымен аяқталған.
Кездейсоқ компания емес
Сол түні корпоративті кездейсоқ танысқан адамдар немесе жай ғана бір үстелде отырған қонақтар емес, бір-бірімен қызметтік тұрғыда тығыз байланыста жұмыс істейтін, жиі бірлескен жиналыстарға, тексерулерге қатысатын салық органдары мен прокуратура қызметкерлері атап өткен.
Бұл жабық компания болды, ол кездейсоқ емес, кәсіби және қызметтік байланыстар негізінде қалыптасқан. Кабинкада отырған адамдар бір-бірін бұрыннан білетін, әрқайсының мәртебесі мен мүмкіндіктерін түсінетін және оқиғаның кез келген дамуының салдарын сезінбей қалуы екіталай еді.
Бұл жағдай кейінгі оқиғалардың көп қырын айқын көрсетеді: ақпараттың жылдам жоғалуы, сөздердің әдейі сақтықпен таңдалуы, ведомстволардың бір мезетте үнсіз қалуы және іске қатысқандардың қоғамдық кеңістіктен мұқият шеттетілуі. Осындай ортада туындаған жанжал ешқашан жай ғана «мейрамханадағы төбелес» ретінде қалмайды.
Жанжалдан кейін Әліби Бағытжанов VIP-кабинкада жалғыз қалып, ауыр жағдайда ес-түссіз жатқан. Оны мекеме даяшысы байқап қалып, жедел жәрдем шақырған. Дәл мейрамхананың осы қызметкерінің дер кезінде әрекет етуі зардап шегушіні облыстық аурухананың нейрохирургия бөліміне жедел жеткізуге мүмкіндік берді.
Оқиғадан кейінгі алғашқы күндері «фискалдық құрылымдар» туралы көмескі тұжырымдар аясында Қаржы мониторингі агенттігі алдын ала мәлімдеме жасап, өз қызметкерлерінің болған жағдайға қатысы жоқ екенін және VIP-кабинкада болмағанын атап өтті. Агенттікке тікелей айып тағылмағанымен, ведомство бірден өз ұстанымын білдіруді жөн көрді. Осыдан кейін оқиғаның жария бөлігінде Агенттік қайта аталмады.
Әлібидің жағдайына қатысты ақпарат болмағандықтан, қалада әртүрлі қауесеттер тарады. Ол комадан шықпай қайтыс болды деген сөздер айтылды. «Ақ Жайық» редакциясы ресми мәлімет алуға тырысқанымен, медициналық мекемелер тарапынан медициналық құпияға сілтеп, мәлімет бермеді. Дегенмен біз Бағытжановтың тірі екенін анықтадық. Бірақ сол кезде-ақ бұл оқиғаға қатысты ақпаратқа БАҚ үшін барынша шектеу қойылатыны белгілі болды.
Алғашқы күндері түрлі қауесет тарады. Қала ішінде Бағытжановтың комадан шықпай қайтыс болғаны туралы да әңгімелер айтылды. Алайда «Ақ Жайық» редакциясы оның тірі екенін анықтады. Дегенмен медицина мекемелері «медициналық құпия» деген уәжбен ақпарат беруден бас тартты.
Ең қызығы — алғашқы күндері ақпараттың қалай тарағаны. Күдікті ретінде аталған Әлібидің аты-жөні мен оның қайда екендігі туралы мәлімет алғаш рет ресми өкілдерден емес, блогерлерден шықты. Сол кезде тақырып қоғамда қызу талқыланып, әлі де толық аяқталмаған күйде тұрған.
Блогерлер әдетте ресми түсініктемелерден кейін ғана белгілі болатын деректерді сенімді түрде жариялап, біраз уақыт ақпараттық үзілісті толтырды. Алайда белгілі бір сәтте жарияланымдар бір мезгілде тоқтап, тақырып жабылды.
Айта кету керек, мұндай істерде «татуласу» істі тоқтататын әмбебап құрал емес. 106-бап бойынша мемлекет болған жағдайды тек нақты адамға ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке де қастандық ретінде қарастырады. Сондықтан жеке кешірім оқиғаның аяқталуына кепіл болмайды.
Полиция не айтты және қалай айтты
Редакцияның сауалына полицияның жауабы барынша жабық формуламен рәсімделді. Басқаша айтқанда, қойылған нақты сұрақтарға полиция жауап берген жоқ.
Атырау облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының бастығы Мұхтар Бектұрғанов қол қойған ресми жауапта сұралған ақпарат шектеулі қолжетімді деректерге жататыны және жария етілмейтіні айтылды. Жауапта тергеудің қай сатыда екені, процессуалдық шешімдер немесе фигуранттардың мәртебесі көрсетілмеген.
Осылайша, полиция тергеу жалғасып жатыр ма, аяқталды ма немесе сотқа жіберілді ме – бұл туралы хабарлаған жоқ. Формалды түрде іс жабылған да емес, белсенді фазада екені де расталмаған.
Кадрлық шешімдер
Көлік прокуратурасы желісі бойынша нәтиже ашық түрде тіркелді. Бас көлік прокуратурасының қызметтік тергеу ісі Атырау көлік прокуроры Асқар Жанысбаевты қызметінен босатумен аяқталды. 2025 жылдың наурызында өңірлік көлік прокуратурасына жаңа басшы тағайындалды.

Әліби Бағытжановты оқиғадан тура бір ай өткен соң ауруханадан қанағаттанарлық жағдайда шығарды. Ол әлі де МКД жүйесінде жұмыс істейді, бірақ жария алаңда сирек көрінеді.

Айтпақшы, «Ақ Жайық» редакциясының сауалына салық органдарының жауабы мазмұнымен емес, оны қалай бергенімен ерекшеленді. Қызметтік тексеріс, оның нәтижелері, тәртіптік шаралар және тергеуден ақпарат алу туралы сұрақтардың ешқайсысы мәні бойынша ашылған жоқ. Ал сәуірде Әдеп жөніндегі кеңесте бізге аман-сау Бағытжановты көрсетіп, оны қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдаланғаны үшін сөкті.
Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бастығы Динара Китенбаеваның ресми баяндамасында мейрамханадағы оқиға «жеке этикалық бағалаудың нысанына айналды» деп айтылды. Бұл жолы Сауданбеков, Құрманбаев және Бағытжановқа ескерту жасалды.

Дегенмен, өңірлік МКД-ның бұрынғы басшысы А. Сауданбековтың мансабы бұдан бұзылған жоқ. Көктемде Атыраудағы жоғары лауазымынан кеткен ол бірнеше айға МКК орталық құрылымдарына тағайындалып, маусымнан бастап Астана қаласы бойынша МКД басшысының орынбасары қызметін атқаруда. Кадрлық логика тұрғысынан бұл басқарушылық мансаптың жалғасы болып көрінеді.
Жарболат Қуаныш қаңтар айында Атырау облысының көлік прокурорының орынбасары қызметін атқарған. Бұл оқиғаға дейін ол жақсы бағаланған және кадрлық тұрғыдан перспективалы қызметкер ретінде қарастырылған. Неге бұлай ойлаймыз? Себебі ол жиі БАҚ-та көрініп, маңызды жиындар өткізген, ал 2024 жылы біраз уақыт Атырау көлік прокурорының міндетін атқарушы болған.

Қақтығыстан кейінгі алғашқы күндері оны Әлібидің ықтимал жәбірлеушісі ретінде атады. БАҚ-та оның уақытша ұстау изоляторына қамалғаны, оған екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланғаны туралы ақпарат шықты. Бұдан кейін оның жария желісі үзілді.
Құрал Құрманбаев та жанжал түні VIP-кабинкада болған. Ол қазір де МКД жүйесінде жұмысын жалғастырып, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары қызметін атқаруда.

Прокуратура жауабы
Негізінде прокуратура «Ақ Жайықтың» сауалына екі рет жауап берді. Алғашқы жауап жай ғана ресми сілтеме түрінде болды: тергеуді полиция жүргізіп жатыр, прокуратура қадағалауды жүзеге асырады, ал басқа ақпарат жарияланбайды деді. Ол кезде ешқандай фамилия, Қылмыстық кодекс бабы немесе іс сатысы айтылған жоқ.
Жағдай редакция Бас прокуратураға жүгінгеннен кейін өзгерді. Сауал қайтадан өңірге жолданып, екінші жауапта қалалық прокуратура бұрын айтылмаған жайттарды нақтылады: фигуранттың аты-жөнін атады, Қылмыстық кодекс баптарын көрсетті және тергеудің жалғасып жатқанын растады.
Бұл ерікті түрдегі ашық жауапқа ұқсамады — керісінше, сауал бүкіл прокурорлық құрылмнан өтіп, «мәні бойынша жауап берілсін» деген белгімен қайтып келгеннен кейінгі әрекетке ұқсайды.
Бұл жолы бұрын ашық айтылмаған маңызды жайт белгілі болды: қылмыстық іс үшінші рет қайта сараланды.
Хронологияны еске салсақ. Бастапқыда тергеу Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша жүргізілді, бұл баптың ең жоғарғы санкциясы – екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Оқиға БАҚ-та кең резонанс алғаннан кейін іс қайта сараланды. Ол 106-баптың 1-бөлігі бойынша тергелетін болды – бұл мүлде басқа деңгейдегі жауапкершілік: үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру және нақты түрмеге түсу қаупі.
Алайда одан кейін тағы бір өзгеріс болды. Жұртшылықпен байланыс іс жүзінде «шектеулі қолжетімді ақпарат» формуласымен астасқаннан кейін іс үшінші рет ҚР ҚК 108-1-бабының 2-бөлігінің 5-тармағына қайта сараланды. Бұл орташа ауырлықтағы денсаулыққа қасақана зиян келтіруді ауырлататын мән-жайларда жасауға қатысты, соның ішінде әлсіз немесе дәрменсіз күйдегі адамға қатысты әрекет.
Дәл осы үшінші рет қайта саралау, яғни келтірілген зиянға қатысты сот-медициналық сараптама қорытындыларына негізделген шешім, істің ықтимал аяқталу бағытын түбегейлі өзгертті. Жаңа бап бойынша ең ауыр жаза екі жылмен шектеледі. Оның үстіне, жауапкершілік шараларының қатарында айыппұл да қарастырылған. Осылайша, салдары айтарлықтай жеңілдеп, тіпті бас бостандығынан айыру жазасы мүлде қолданылмауы да мүмкін.
Бұл істің автоматты түрде жабылғанын немесе күдіктінің жауапкершіліктен толық босатылғанын білдірмейді. Алайда бір нәрсе анық: қоғамдық резонанс үдеген кездегімен салыстырғанда, істің ықтимал мәресі әлдеқайда жеңіл сипатқа ие болды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс әлі де полицияның өндірісінде жатыр. Оның ұзаққа созылуының себебі неде? Мұндай істерде медицина шешуші рөл атқарады: алғашқы сот-медициналық сараптама, қосымша тексерулер, жарақаттың салдарын нақтылау қажет. Сонымен қатар, істің әрбір қайта саралануы тергеу мерзімін қайта бастаумен тең. Ал мұндай қайта саралау бұл іс бойынша үш рет болған. Әр жолы тергеу жаңа бапқа сай дәлелдемелерді қайта жинауға мәжбүр болады. Дәл үшінші рет қайта сараланғаннан кейін іс ауыр қылмыстар санатына жатпайтын аймаққа өтті, сондықтан енді оның міндетті түрде даулы, дабыралы аяқталуы шарт емес.
Бүгінде іс жедел көрінбейтін кезеңге жетті: ең жоғары тәуекелдер төмендетілді, фигуранттар жария кеңістіктен шығарылды, ал талқылау заң рұқсат ететін ең төменгі деңгеймен ғана шектеліп отыр.
Осы тұрғыдан алғанда, басты сұрақ тергеудің немен аяқталатынында да емес. Ең маңыздысы — оның нәтижесі бір күні қоғамға ашық жариялана ма, әлде бұл оқиға айтылмай қалған, «шағын компанияның үлкен құпиясы» күйінде қала бере ме деген мәселе.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Ашық дереккөздерден алынған суреттер
В Атырау 0