
Қазақстан халықаралық туристік аренадағы беделін нығайта түсуде. Беделді Bloomberg басылымы Алматы қаласын 2026 жылы әлем бойынша баруға тұрарлық ең үздік 25 туристік бағыттың тізіміне енгізді. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.
Bloomberg өз материалында Алматының туристік тартымдылығы жыл сайын артып келе жатқанын және қаланың маусымға тәуелсіз, жыл бойы сұранысқа ие бағыт екенін атап өтеді. Басылым қалалық мәдениет, бай тарихи мұра, ұлттық гастрономия мен табиғи ландшафттарға жақын орналасу факторларын негізгі артықшылықтар ретінде көрсеткен.
— Орталық Азия даласында шығармашылық энергия қайнап жатыр. Елдің ең ірі қаласының танымалдығы қарқынды өсуде. 2025 жылдың тоғыз айында Алматыға рекордтық 2,5 миллион турист келген. Кейбірі алтын күмбезді Зенков соборын, дәмдеуіштер, бал және жылқы етінен жасалған шұжықтар сатылатын Жасыл базарды көру үшін келеді. Ал өзгелері қала сыртындағы Іле Алатауының Альпі көлдері мен тау шаңғысы курорттарына бет алады. Мәдениет саласына салынған ауқымды инвестициялар бұл көрсеткіштердің одан әрі өсуіне ықпал етеді, — деп жазады Bloomberg.
Басылым Алматыдағы демалыстың маусымдық алуан түрлілігіне де ерекше мән берген. Қыс мезгілінде туристерге Шымбұлақ тау-шаңғы курорты ұсынылса, жазда табиғат аясындағы демалыс пен мәдени шаралар қызығушылық тудырады.
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлының айтуынша, Bloomberg рейтингінде Қазақстанның үздік туристік бағыттар қатарына енуі — маңызды халықаралық мойындау.
— Бұл — Алматының туристік имиджін ілгерілету бағытында жүргізіліп жатқан Visit Almaty жұмысының нақты нәтижесі. Сонымен қатар еліміздің жаһандық туристік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігінің артқанын және халықаралық аудиторияның Қазақстанға қызығушылығы күшейгенін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан жетекші әлемдік БАҚ рейтингтерінде жиі атала бастады, — деді ол.
Айта кетейік, Bloomberg-тің жыл сайынғы туристік рейтингі әлемдік туристік трендтерді сараптау, сала жаңалықтарын талдау және халықаралық туризм сарапшыларының пікірлеріне сүйене отырып қалыптастырылады.
В Атырау 0