
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына қатысып, жиында сөз сөйледі.
Мемлекет басшысы кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны және көрсетілген қонақжайлық үшін Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге алғыс білдіріп, Жаңа жыл қарсаңындағы дәстүрлі Петербургтегі басқосу өткен жылды қорытындылап, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Президент биыл Еуразиялық экономикалық одақ үшін маңызды кезең болғанын айтып, ұйым дамудың екінші онжылдығына сенімді қадам басқанын жеткізді. Осы уақыт ішінде өзара сауда көлемі тұрақты өсіп, ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып, өнеркәсіптік кооперация ауқымы кеңейген. Жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, одаққа мүше мемлекеттердің даму қарқыны бәсеңдемегенін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ЕАЭО елдерінің жиынтық ішкі жалпы өнімі 2 пайызға ұлғаятынын, ал алдағы екі жылда өсім тұрақты болады деген болжам бар екенін айтты. Оның сөзінше, одақ құрылғаннан бері мүше елдердің бір-біріне салған тікелей инвестициясы 20 миллиард доллардан асты, ал Қазақстанға келген инвестиция көлемі жеті есе өсіп, 4 миллиард долларға жеткен. Сондай-ақ өнеркәсіп өнімі 29 пайызға артып, 1,5 триллион долларды құраған.
Мемлекет басшысы ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін одан әрі нығайту үшін бірқатар басым бағыттарға назар аудару қажет екенін айтты. Оның пікірінше, әлем жаппай цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты, сондықтан бұл технологияларды одақ елдерінің экономикасының барлық саласына белсенді енгізу маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні ЕАЭО қызметіне енгізуді ұсынып, оны сауда ағындарын жоспарлау мен кедендік баждардың әсерін бағалау үшін қолдануға болатынын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның алдағы жылы ұйымға төрағалық етуі аясында өтетін Еуразиялық экономикалық форумда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану туралы бірлескен мәлімдеме қабылдауды ұсынды.
Президент ЕАЭО-ның ірі көлік-логистикалық торапқа айналу мүмкіндігіне де тоқталды. Оның айтуынша, бірлестікке мүше мемлекеттердің аумағы арқылы Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий халықаралық көлік дәліздері өтеді. Қазақстан шетелдік серіктестерімен бірге халықаралық мультимодальды логистика орталықтары мен терминалдар желісін дамытып жатқанын айтып, өзге мүше елдерді де сауда-саттықты жандандыру және жүк тасымалы шығындарын азайту мақсатында бұл жұмысқа белсенді қатысуға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі арқылы өтетін теңіз инфрақұрылымы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын атап өтіп, негізгі порттардағы заманауи контейнер хабтары өсіп келе жатқан жүк тасымалына қызмет көрсете алатынын жеткізді. Осы ретте ол транзиттік әлеуетті күшейтуге ықпал ететін Кеме қатынасы туралы келісімнің күшіне енуін жеделдету қажеттігін айтты.
Президент қосылған құны жоғары, әлемдік нарықта сұранысқа ие өнім шығаратын жаңа өндірістерді дамытуға басымдық беру керегін мәлімдеді. Еуразия даму банкінің сарапшыларының дерегіне сүйенсек, ЕАЭО елдерінің өнеркәсіп өнімдерін өндіру және экспорттау бойынша қосымша әлеуеті 67 миллиард долларға бағаланып отыр, ал оны толық іске асыру нәтижесінде экономикалық тиімділік 500 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Бұл үшін өнеркәсіптік кооперацияны күшейтіп, инновациялық жобаларға инвестиция салу қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы өзара саудадағы әкімшілік кедергілерді толық жою уақыты келгенін атап өтті. Ол азаматтардың еркін қозғалысына және тауар айналымына тосқауыл болатын жасанды шектеулерді алып тастау, шекарадағы ұзын-сонар кезектерді жою қажеттігін айтты. Кедендік және өзге де бақылау тетіктері ұйым ішіндегі шешімдерді өткізу құралына айналмауы тиіс екенін ескертіп, кедергісіз нарық қалыптастыру басты міндет болуы керектігін жеткізді. Бұл бағытта кедергілерді жедел анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі мониторинг тетіктерін енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық ынтымақтастық географиясын кеңейту маңызды екенін айтып, Моңғолиямен Еркін сауда аймағы, Біріккен Араб Әмірліктерімен экономикалық серіктестік туралы келісімдерге қол қойылғанын, сондай-ақ Индонезиямен осындай келісім жасалатынын құптады. Оның айтуынша, бұл ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб елдері, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка мемлекеттерімен ықпалдастығын кеңейтуге жол ашады. Сонымен қатар ШЫҰ, АСЕАН сияқты ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлу қажет.
Сөз соңында Президент алдағы кезеңде мемлекеттер алдында үйлесімді әрекет пен салмақты шешімдерді талап ететін күрделі міндеттер тұрғанын атап өтті. Ол келесі жылы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету Қазақстанға өтетінін еске салып, еліміз бірлестік елдерінің ортақ игілігі үшін нәтижелі жұмыс жүргізуге ниетті екенін жеткізді. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы 2026 жылғы 28–29 мамырда Астанада өтетіні хабарланды. Мемлекет басшысы ұйымға төрағалық еткен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкоға атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.
Саммитке ЕАЭО елдерінің басшыларымен қатар Өзбекстан, Индонезия, Иран және Куба өкілдері қатысып, жиын қорытындысында бірқатар құжат қабылданды.
В Атырау 0