
Өзбекстан Сенаты 2026 жылға арналған мемлекеттік бюджет туралы заңды мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжатқа сәйкес, келер жылы республиканың бюджет шығыстары 402,6 трлн сумды (шамамен 33,4 млрд доллар) құрайды. Ал кірістер көлемі 368,9 трлн сум (30,6 млрд доллар) деңгейінде жоспарланған. Инфляция 7 пайыз шамасында болады деп күтілсе, бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан аспауы тиіс.
Бюджет параметрлеріне сәйкес, 2026 жылы мемлекеттік шығыстардың 55 пайызы немесе 220 трлн сумы әлеуметтік салаға бағытталады. Оның ішінде білім беру секторына 100 трлн сум, ал денсаулық сақтау саласына 49 трлн сум қарастырылған. Бұл көрсеткіштер биылғы жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға артық.
Сонымен қатар ресми деректерге сәйкес, биыл 1 қазандағы жағдай бойынша Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 43,9 млрд долларға жеткен.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан билігі көлеңкелі экономиканың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 29 пайызға дейін төмендету жоспарын жариялаған. Қазіргі таңда ел экономикасында 8,3 млрд доллардан астам қаражат көлеңкеде қалып отыр, бұл ішкі жалпы өнімнің шамамен 33,3 пайызына тең.
В Атырау -2