Атырау, 19 желтоқсан 14:51
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

«Күмәнді жайттар бар»: Атырау облысында жоғалған аңшының туыстары күдік білдіруде

120 рет қаралды
Жылыой ауданындағы іздеу жұмыстары жүріп жатқан дала аймағы
Жылыой ауданындағы іздеу жұмыстары жүріп жатқан далалық аймақ

Атырау облысында Каспий жағалауында аң аулау кезінде жоғалып кеткен 61 жастағы Өтебай Сабировты іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ер адамның туыстары оның жоғалуына қатысты түсініксіз жайттар бар деп есептеп, сол күні жанында болған адамдарға сұрақтар қойып отыр.

Сабиров соңғы бейнежазбасын туыстарына 14 желтоқсанда жолдаған. Онда бір топ ер адамның аңға шыққаны көрінеді. Бірақ кері бәрі оралмаған. Жолдастарының айтуынша, көлік бұзылып қалған кезде 61 жастағы ер адам мылтығын алып, жалғыз өзі аң аулауға кеткен, содан қайтып келмеген.

Алайда жоғалған азаматтың туыстары бұл нұсқамен келіспейді.

«Адамды қалай жалғыз қалдыруға болады? Олар аңға бірге шықты ғой, неге оны күтпеген?» — дейді жоғалған кісінің жары Шұға Аймишева.

Оның айтуынша, күйеуінің жоғалғаны туралы отбасыға тек келесі күні ғана хабарланған.

«15 желтоқсанда таңғы 7:35-те маған қоңырау шалып, Өтебайды таба алмай жатқандарын айтты. Бұл біз үшін шок болды. Неге бірден хабарламаған, неге бір тәулік бойы үндемеген?» — дейді ол.

Туыстары іздеу жұмыстарына да күмән келтіреді. Жоғалған адамның әпкесі Сымбат Сабированың айтуынша, дрондар қолданылғанымен нәтиже жоқ, бұл да отбасыға түсініксіз көрінеді.

«Біз дрондармен дәл жоғалған жерін іздедік, бірақ ештеңе табылмады. Оның үстінде жарық шағылыстыратын киім болған. Егер дрон ештеңе көрмесе, демек оны басқа жаққа алып кеткен немесе орнын ауыстырған. Ол алысқа кете алмас еді», — дейді әпкесі Сымбат Сабирова.

Өңірлік ТЖД мәліметінше, іздеу жұмыстары Ботахан кен орны маңында жүргізіліп жатыр. Оған полиция қызметкерлері, ТЖ бөлімшелері, техника, дрондар және 50 шақты ерікті тартылған. Қазіргі уақытта оның жеке заттарынан тек ұялы телефоны табылған, ол көліктің ішінен шыққан.

Полиция бірге аңға шыққан адамдардан жауап алынып жатқанын хабарлады.

«Облыстық полиция департаментінің тапсырмасымен іздеу жұмыстарына полиция қызметкерлері, құтқарушылар, техника және дрондар тартылды. Тергеу шаралары жүргізіліп, барлық жағдай анықталуда», – деді Атырау облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Абай Жұмабаев.

Сабировтің жақында ғана зейнетке шыққаны, бұған дейін ірі компанияда оператор болып жұмыс істегені белгілі. Екі баласы бар. Туыстары іздеу жұмыстары нәтиже береді деп үміттеніп, оларды тоқтатпай жалғастыруды сұрайды.

Айгүл МАНСУРОВА

Бүгін, 12:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.