Атырау, 19 желтоқсан 14:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

Атырауда таныстырылған мегажобаларға қатысты сұрақтар туындады

Сурет Бейнежазба
128 рет қаралды

Атырауда «Атырау-Ақпарат» ЖШС-де TEXOL компаниялар тобының тең иесі, кәсіпкер Шота Абхазаваның қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. 

Іс-шарада өңірде өнеркәсіп, туризм және қала инфрақұрылымы саласында бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланғаны айтылды.

Спикердің айтуынша, Атырау облысының экономикадағы шикізатқа қатысы жоқ салаларды дамытуға айтарлықтай әлеуеті бар. Жоспарланған жобалар өңірдің ұзақ мерзімді дамуына үлес қосуы тиіс.

Өнеркәсіптік жобалардың ішінде негізгі жобалардың бірі ретінде «Махамбет» өнеркәсіптік-өндірістік кешенінде (ӨӨК) Texol компаниясының қатысуымен вагон шығаратын зауыт салу белгіленген. Бұл жоба импортқа тәуелділікті азайтып, өз өндірісін дамытуға бағытталған қадам ретінде қарастырылуда. Шота Абхазаваның сөзінше, Қазақстан аумағының үлкендігіне байланысты ел үшін теміржол вагондарын өзінде шығару және олардың импортынан тәуелділікті азайту аса маңызды.

«Махамбет» ӨӨК бүгінде сұйытылған көмірсутек газын сақтау және тасымалдау бойынша логистикалық әрі өндірістік орталық ретінде жұмыс істеп тұр. Ол ішкі және сыртқы нарықтарға жеткізілімді қамтамасыз етеді. 

2021–2025 жылдары кешен аумағында вагондарға қызмет көрсету және жөндеу бойынша көпфункционалды орталық салу, мұнай және бензин цистерналарын жуу пунктін іске қосу, газ вагондарына арналған жөндеу-инспекциялық пункті мен азот станциясын, вагон-дөңгелек шеберханасы ашу секілді жобалар жүзеге асырылды. Сонымен қатар инженерлік және логистикалық инфрақұрылымы бар газ қоймасы пайдалануға берілді.

Сонымен қатар Самал ықшамауданында бұрынғы тұзды көлдердің орнында термалды бассейні бар спорттық-сауықтыру және wellness аймағын құру жобасы ұсынылған. Жоба аясында білім беру мекемесі, қонақүй кешені, медициналық орталық және термалды бассейн салу қарастырылған.

Қазіргі уақытта су ресурстарын тұрақты пайдалану мүмкіндігін бағалау үшін зерттеулер жүргізілуде. Жобаны аяқтау 2027 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі Формула‑1 жарыс трассасын салу мүмкіндігі де айтылды. Бұл нысанға арналған жер телімі Самал ықшамауданынан бөлініп, оның техникалық талаптарға сәйкестігі бағалануда.

Тағы бір жоспарланған жоба – «Ақ Жайық» қонақүй-іскерлік кешені. Оны 2030 жылы пайдалануға беру көзделген. Кешен құрамына 600 орындық бес жұлдызды қонақүй, конференц-залдар, кеңселер, фитнес және спа аймақтары, бассейндер, мейрамханалар мен қоғамдық кеңістіктер кіреді. Жоба аясында жаңартылатын энергия көздерін пайдалану, аумақты көгалдандыру және ғимарат шатырында тікұшақ алаңын орналастыру қарастырылған.

Презентациялық слайдтардан тыс қалған мәселелер 

Инвестициялық бастамалар тізімінен бөлек, қазіргі қала ортасына тікелей әсер ететін мәселелер қалды. Кейбір кәсіпкерлер болашақ нысандардың көршілес орналасуына наразылық білдіріп жатқаны белгілі. Бұл жерде тек қызметті түзету емес, жұмыс істеп тұрған бизнесін толық тоқтатып, аумақты босатып, ғимараттарды босату қажеттігі туралы сөз болып отыр. Кәсіпорындар әлі де жұмыс істеп, табыс әкеліп тұрғанына қарамастан, оларды көшіру талап етілуде. Сонымен бірге, аумақтарды босату қандай шарттармен жүзеге асатыны және кәсіпкерлер үшін қандай өтемақы тетіктері қарастырылатыны туралы ашық айтылған жоқ.

Сондай-ақ Абай көшесі 6 және 6А мекенжайларында орналасқан үйлердің тұрғындары қонақүй ғимаратының бұзылуы және оның орнына қонақүй-іскерлік кешеннің салынуы ескі үйлердің жағдайына әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр. Алайда осы ғимараттар үшін ықтимал қауіптер мен зиянға қатысты ешқандай бағалау әлі ұсынылған жоқ.Техникалық тексерулер де, ықтимал салдарлардың есептері де жария етілмеген. Қазіргі таңда барлық талқылаулар тек презентациялар мен слайдтар деңгейінде қалып отыр.

Музей мәселесі: ол жұмыс істеп тұр

Жоспарланып отырған құрылыс аумағына жақын орналасқан Халел Досмұхамедов атындағы Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне қатысты да бірқатар сұрақтар туындады. Баспасөз-конференциясы барысында Шота Абхазава музейдің «көптен бері жұмыс істемей тұрғанын» мәлімдеді.

Ал музей директоры Мұқанбетқали Қуанышқалиұлы Кипиев редакцияға музейдің жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. Оның сөзінше, өлкетану музейі де, өнер музейі де қызмет көрсетіп тұр, олардың алаңдарында көрмелер мен түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Осылайша, музей жұмыс істемейді деген ақпарат шындыққа сай келмейді. Сонымен бірге, жарияланған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қолданыстағы музей кешенінің мәртебесі мен оның әрі қарайғы жұмысы қалай ескерілетіні жөнінде әзірге ешқандай ресми түсіндірме ұсынылған жоқ.

Ал, кәсіпкердің айтуынша, көшірудің жобаланып отырған аумаққа жақын орналасқан Абай көшесі 6 және 6А мекенжайларындағы көпқабатты тұрғын үйлерге қатысы жоқ.

БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап бере отырып, Шота Абхазава жобаларды іске асыру барысында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары қарастырылғанын, соның ішінде су ресурстарын ұтымды пайдалану, сондай-ақ өңір халқы санының өсуіне байланысты ықтимал қауіптер мен даму перспективаларын ескеру көзделетінін атап өтті.

Редакция ұстанымы

Редакция атап өткендей, қалаға инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және жаңа қоғамдық кеңістіктердің пайда болуы – Атырау үшін сөзсіз оң нәтиже. Алайда ең ауқымды жобалардың өзі салқынқандылық пен байыпты, таразыланған көзқарасты талап етеді.

Ғимараттарды бұзу, адамдарды көшіру, жұмыс істеп тұрған бизнес пен мәдени нысандар туралы сөз болғанда, презентациялардың әсеріне емес, керісінше шешімдердің ашықтығы, нақты есептердің болуы және слайдтардан тыс туындайтын сұрақтарға алдын ала жауап беруге дайын болуға басты назар аударылуы керек.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.