1 қазаннан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Тұлпар-Тальго» пойызына мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін 50 пайыздық жеңілдіктер енгізеді, деп хабарлады «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Тимур АСЫЛХАНОВ.
– 2013 жылдың 1 қазанынан бастап «Жолаушылар тасымалы» АҚ мүмкіндіктері шектеулі жандарға және оларға еріп жүретін бір тұлғаға «Гранд» санатындағы вагондарда қарастырылған арнайы орындарға (СВ, екі кісілік) 50 пайыз жеңілдіктер енгізеді, - деді ол.
Естеріңізге салсақ, «Гранд» санатындағы вагонда мүмкіндігі шектеулі бір адамға және қасына еріп жүретін тұлғаға арналған екі кісілік арнайы бір купе қарастырылған.
– Бұл купедегі төменгі орын стандартты орыннан кеңдеу, қосымша тұтқамен және жолсерікті шақыру түймесімен жарақталған, - дейді Асылханов. – Арнайы купелерге жол жүру құжаттарын сату мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған кассаларда немесе кезектен тыс қызмет көрсету құқығымен сату нүктесінің кез келген кассасында ұйымдастырылады.
Атырау теміржол вокзалының билет-кассалық бөлімшесі әзірге бұл жаңалықтан бейхабар екен.
Естеріңізге салсақ, Атыраудан Астанаға қатынайтын «Тұлпар-Тальго» пойызындағы екі кісілік люкс бағасы – 29 690 теңге, Алматыға дейін – 45 249 теңге.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА