Атырау, 18 желтоқсан 22:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 514.31
€ 603.03
₽ 6.40

​Қазақстан Президенті мен Жапонияның премьер-министрі екіжақсы ынтымақтастықтың даму мәселесін талқылады

129 рет қаралды
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапары аясында Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичимен келіссөз өткізді. 

Мемлекет басшысы қазақстандық делегацияға көрсетілген қонақжайлық үшін Жапония Үкіметінің басшысына алғыс білдірді.

Президенттің айтуынша, бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңін білдіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияны Азиядағы сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктес ретінде бағалап, елдің дәстүр мен инновацияны үйлестіре білген дамыған мемлекет екенін атап өтті. Сондай-ақ Жапонияның қазіргі басшылығы халықаралық аренадағы ел рөлін күшейтуге бағытталған ауқымды реформалар жүргізіп жатқанын айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Жапонияны географиялық тұрғыдан алыс болғанымен, өзара байланыстары терең, жақын әрі сенімді достар деп санайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Жапонияға бірнеше мәрте барғанын еске алып, бұл сапардың Президент ретіндегі алғашқы ресми сапары екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ-жапон қарым-қатынасының берік институционалдық негізі қалыптасқан. 2004 жылы Жапонияның сол кездегі Сыртқы істер министрімен бірге «Орталық Азия + Жапония» форматына бастамашы болғанын атап өтіп, бүгінде бұл диалог алаңы халықаралық деңгейде кеңінен танылғанын айтты. Президенттің сөзінше, «Орталық Азия плюс» форматтарының таралуына қарамастан, аталған бастаманың негізін қалаушы ел ретінде Жапонияның рөлі ерекше.

Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичи Қазақстан Президентінің ресми сапары екіжақты өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Ол 21 жыл бұрын «Орталық Азия + Жапония» форматындағы сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық еткенін еске алып, бүгінде Мемлекет басшысы аталған форматтағы жоғары деңгейдегі кездесуге Президент ретінде қатысып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанды заң үстемдігіне негізделген еркін әрі ашық әлемдік тәртіпті нығайту жолындағы стратегиялық серіктес ретінде бағалап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады.

Бүгін, 17:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.