Атырау, 18 желтоқсан 22:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 514.31
€ 603.03
₽ 6.40

Қазақстанда көлік жолдарының жөндеуаралық және кепілдік мерзімдері нақты бекітілді

125 рет қаралды
Сурет: gov.kz
Сурет: gov.kz

Қазақстанда ұлттық деңгейде республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдары мен жол инфрақұрылымы элементтерінің бірыңғай қызмет ету, жөндеуаралық және кепілдік мерзімдері бекітілді. Бұл талаптар құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеудің барлық түрінен кейін қолданылады, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігінің баспасөз қызметі. 

Құжатты «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» (ҚазжолҒЗИ) әзірлеп, оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті бекіткен.

Бұрын қандай мәселе болды

«ҚазжолҒЗИ» мәліметінше, осы уақытқа дейін жол саласында қызмет ету және кепілдік мерзімдеріне қатысты бірыңғай міндетті талаптар болмаған. Көп жағдайда олар ұсынымдық сипатта көрсетіліп, жекелеген келісімшарттарда немесе «кемінде» деген жалпылама тұжырымдармен шектеліп келген. Бұл мердігерлердің нақты жауапкершілігін айқындауды және жолдарды ұзақ мерзімге жоспарлы күтіп-ұстауды қиындатқан.

Кепілдік мерзімдері

Жаңа құжатта нақты және міндетті кепілдік мерзімдері белгіленді:

  • құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеуден кейін — 4 жылдан 8 жылға дейін;

  • орташа жөндеуден кейін — 3 жылдан 6 жылға дейін.

Бұл мерзімдер жол санаты мен көлік қозғалысының қарқындылығына байланысты анықталып, нормативтік түрде бекітілген.

Жөндеуаралық мерзімдер

Жөндеуаралық мерзімдер жол конструкциясының келесі күрделі араласуға дейінгі есептік қызмет ету кезеңін көрсетеді және қолданылған технологиялар мен материалдардың сапасына тікелей тәуелді.

Мәселен:

  • цементбетон жамылғысы бар жолдар үшін — 25 жыл;

  • асфальтбетон жамылғысы бар жолдар үшін — 16 жыл.

Заманауи технологиялар мен модификацияланған материалдар қолданылған жағдайда бұл мерзімдер ұзартылуы мүмкін.

Тексеру тәртібі

Кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін орындалған жұмыстарға комиссиялық тексеру жүргізіледі. Онда жолдың нақты техникалық жағдайы белгіленген нормативтерге сәйкестігі бағаланады. Комиссияның құрамы, жұмыс тәртібі мен бағалау өлшемдері нақты регламенттелген. Тексеру нәтижелері объектіні одан әрі пайдалануға беру және мердігерлердің жауапкершілігін айқындау үшін негіз болады.

Инфрақұрылым элементтеріне жеке талаптар

Алғаш рет жол инфрақұрылымы элементтері бойынша жеке нормативтер бекітілді. Атап айтқанда:

  • борттық тастардың қызмет ету мерзімі материал түріне қарай 20–30 жылға дейін;

  • жол белгілерінің қызмет ету мерзімі жарыққайтару деңгейіне байланысты 10 жылға дейін;

  • қоршаулар, тіректер және инженерлік элементтер үшін 5 жылға дейінгі бірыңғай кепілдік мерзімдер белгіленді;

  • жол таңбалары, шу жолақтары мен қорғаныс құрылыстары үшін де нақты нормативтер айқындалды.

Күтілетін нәтиже

Мамандардың айтуынша, нақты мерзімдердің бекітілуі жол инфрақұрылымын ашық, болжамды және экономикалық тұрғыда тиімді күтіп-ұстау жүйесін қалыптастырады. Бұл жол жобаларының сапасына, мердігерлердің жауапкершілігіне және жұмыстардың ұзақмерзімділігіне оң әсер етеді.

Құжатты әзірлеу барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың, жол-құрылыс компанияларының, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ұсыныстары ескерілген.

Бекітілген нормалар енді еліміз бойынша жол жұмыстарын жоспарлау, келісімшарттар жасау және нысандарды қабылдау кезінде негізгі нормативтік база ретінде қолданылады.

Айта кетейік, аталған талаптар Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің 2025 жылғы 18 қарашадағы №119 бұйрығымен бекітіліп, Нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорында жарияланған.

Бүгін, 16:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.