
Орындалған жұмыс көлемінің мардымсыздығына қарамастан, мердігер компания 1 млрд 900 млн теңгені игерген.
2024 жылы "Атырау-Индер" жолының 167-117 орташа жөндеу жұмысына 5,6 млрд (50 км жол) қаражат қаралған. Оны "ТеміржолҚұрылысАтырау" ЖШС жеңіп алып, 25 км жолды 2024 жылы бітіріп тапсыруы тиіс еді. ЖШС жұмысты 25 км жолды қырып тастауымен бастағанымен оны әлі күнге бітіре алмай отыр.
Өйткені ЖШС жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмады, не техника, не жұмысшы күші жетіспеді. Тіпті бірнеше күндеп жұмыс тоқтап қалып, материалдары тоналды. Осындай жауапсыздықтың салдарынан жұмыстары тұралаған мердігер жұмысы сыналғанымен нәтиже болмады.
Сөгілген жолдан ығыры шыққан халықтың көліктері істен шығып, жол- көлік оқиғалары жиі болды. Жергілікті халық мердігерді ауыстыру жөнінде бірнеше рет бас көтерді, шара алынбаса жолды жабуға дейін барды.
Жалпы жұртшылық тарапынан жолдың сапасыз жасалуы мен кешігуіне байланысты наразылықтар жиі болды. Облыс әкімі Серік Шәпкенов шарасы алынады деумен шектелсе, ал Индер ауданы әкімі Серік Нсанбаев көпшіліктің жиналуы заңсыз болатынын қатаң ескертті. Көнбіс халық әкімдік бұл мәселені шешіп береді деген үмітте болды. Аудандық Кеңес мүшелері де отырыс жасап мердігердің жұмысына қанағаттанбайтынын, тезірек шара алу керектігін талқыға салды. Бір ғажабы, халық қанша бас көтерген жиынға мердігер "ТеміржолҚұрылысАтырау" ЖШС-нің директоры бірде-бір рет қарасын көрсеткен жоқ.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобил жолдары басқармасының бастығы Әсет Оразғалиев хабарлағандай, жұмысын уақтылы аяқтамағаны үшін "ТеміржолҚұрылысАтырау" ЖШС- мен келісім шарт біржақты бұзылған. Бірақ оған келіспеген мердігер басқарманы сотқа беріп, сот процестері басталды. Ал ЖШС жасамай кеткен 6 км жолға демеушілікпен асфальт қалдығы құйылып, уақытша төселген.
Әсет Оразғалиевтің айтуынша, орташа жөндеу жұмыстары «Атырау–Индер» автожолының 50 шақырымына жоспарланған. Оны екі жыл мерзім ішінде «МаңғыстауЖолҚұрылысМатериалдарКомбинаты» ЖШС (директоры Асан Идранов) атқаруы тиіс болған. ЖШС 30 км жолды жасап бітірді, келесі жылы мердігер жұмысын жалғастырмақшы. Жалпы осы жолдың 100 км орташа жөндеуі 2026 жылы аяқталмақ. Ал қалған бөлігі тегіс болуына байланысты жөндеуді қажет етпейді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -1