
Атырау облысында айыппұл қарызы бар 3 138 шетелдік автокөлік айып тұрағына жеткізілді. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің процессинг орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биылғы 11 айда тіркеусіз шетелдік автокөліктерге қатысты 161 құқықбұзушылық, ал тіркелмеген көлік құралын басқару дерегі бойынша 559 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, айыппұл салынған.
Спикердің айтуынша, шетелдік автокөліктерді заңдастыруға 2023 жылғы 17 шілдеде рұқсат берілген. Осы уақыттан бері 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген 3 911 автокөлік 5 жыл мерзімге уақытша есепке қойылған.
«Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес, ел аумағына әкелінген көлік құралдары 10 жұмыс күні ішінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Ал қажетті құжаттары жоқ көлік иелері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар қолданыстағы заңнамаға сай оң жақты рөлді автокөліктерді бастапқы тіркеуге қоюға, сондай-ақ оларды жолаушылар мен жүк тасымалдау, такси қызметінде пайдалануға тыйым салынған. Бұл талаптарды бұзған тұлғалар заң аясында жауап береді.
В Атырау -1