
Атырау облысында аң аулауға шығып, қайтып оралмаған ер адамды үш тәуліктен бері іздеп жатыр. Іздеу-құтқару жұмыстары Жылыой ауданының Ботахан кен орны маңындағы далалық аумақта жүргізілуде.
Атырау облысының ТЖ департаментінің мәліметінше, 15 желтоқсанда сағат 23:00-де Атырау облысы ТЖД Жедел басқару орталығына 1964 жылы туған азаматтың хабар-ошарсыз кеткені туралы хабарлама түскен. Белгілі болғандай, ол 14 желтоқсан күні аңға шығып, содан бері байланысқа шықпаған.
Хабар түскеннен кейін бірден іздестіру-құтқару жұмыстары ұйымдастырылды. Оған 15 құтқарушы, 4 техника және бір дрон жұмылдырылды. Әуе барлауына EC-145 тікұшағы да тартылған, бірақ әуеден жүргізілген тексеріс нәтиже бермеген.
16 желтоқсанда Ботахан кен орнына 30 шақырым жерде жоғалған азаматқа тиесілі УАЗ көлігі табылды. Алайда ер адам көліктің жанында болмаған.
Қазіргі уақытта іздестіру жұмыстары Жылыой ауданындағы Ботахан кен орны аумағында, Кұлсары қаласынан шамамен 65 шақырым батыста жүргізілуде. Іздеу радиусы – шамамен 100 шақырым.
Іздеу-құтқару жұмыстары Атырау облысы ТЖ департаментінің бақылауында.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -1