Атырау, 17 желтоқсан 18:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 519.61
€ 610.13
₽ 6.54

Дәрігер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне қол көтергендерге жаза қатаңдатылды

97 рет қаралды

Қазақстанда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін қорғауға бағытталған жаңа заң қабылданды. Парламент Мәжілісі Қылмыстық кодекс пен Қылмыстық-процестік кодекске өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, оны Сенаттың қарауына жолдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлады.

Жаңа түзетулер медицина саласы қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылық деректерінің жиілеуіне байланысты қабылданып отыр. Заң нормалары дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілерінің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бап енгізіліп отыр. Онда медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне күш қолдану немесе күш қолдану қаупін төндіру жеке қылмыс ретінде белгіленген. Яғни енді тек қол көтеру ғана емес, күш қолданамын деп қорқытудың өзі қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

Бұл норма медицина қызметкерлерін қызметтік міндетін атқару кезінде қорғауды көздейді және олардың кәсіби беделін заңмен бекітуге бағытталған.

Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны немесе күш қолдануға оқталғаны үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзету жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, сондай-ақ 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Егер әрекет ауыр сипатта болса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түрінде белгіленеді.

Адам өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану жағдайында 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал егер бұл әрекет ауыр мән-жайларда жасалса, жаза мерзімі 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғайтылуы мүмкін.

Депутаттар қылмыс құрамын нақты саралау үшін медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілерін күш қолданамын деп қорқытқаны үшін де бөлек жауапкершілік белгіледі. Мұндай жағдайда 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзету жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қолданылады.

Ал егер қорқыту ауыр сипатта болса, екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Заң шығарушылардың айтуынша, бұл өзгерістер дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерінің қауіпсіздігін арттырып, қоғамда олардың еңбегіне деген құрметті күшейтуге тиіс. Күнделікті өмір мен өлім арасында күресіп жүрген мамандардың заңмен қорғалуы – уақыт талабы.

Бүгін, 16:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.