
Атырау облысында су бетіндегі мұздың әлі дұрыс қатпағанына байланысты су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Өзендегі мұз қабатының қалыңдығы 25 сантиметрге жетпейінше, су бетіне шығуға болмайды. Бұл туралы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов баспасөз брифингінде мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Мұз – 2025» республикалық үгіт-насихат акциясы аясында күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Департамент мамандарының зерттеу нәтижесіне сәйкес облыс аумағында су айдындары маңында 70 қауіпті учаске анықталған.
– Қазір облыс аумағында мұз қатайған жоқ. Алайда ауа райының салқындауына байланысты алдын алу шаралары күшейтілді. Атырау қаласы мен Жылыой ауданында орналасқан үш суда құтқару станциясында жедел құтқару жасақтары тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Сонымен қатар өңір бойынша 191 тыйым салу белгісі мен 4 ақпараттық стенд орнатылды. Қауіпті учаскелерде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Жантөре Демешов.
Жыл басынан бері атқарылған шараларға қарамастан су айдындарында 11 адам қаза тапты, оның ішінде 5 бала бар. Ал 2024 жылдың осы кезеңінде 13 адам, соның ішінде 8 бала көз жұмған. Одан бөлек 8 адам дер кезінде құтқарылған.
Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Қауіпсіздік талаптарын бұзған азаматтарға әкімшілік жауапкершілік көзделген. Айта кетейік, биыл су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес 100 әкімшілік хаттама толтырылған.
В Атырау -5