
Қазақстанда балаларға жалпы наркозбен стоматологиялық ем жүргізуге қатысты шағымдар көбейген соң, Денсаулық сақтау министрлігі ел бойынша 622 стоматологиялық клиниканы тексеруге кірісті. Бұл туралы ведомство басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.
Министрдің айтуынша, балаларды жалпы анестезиямен емдеу — қатаң медициналық көрсетілімдер негізінде ғана орындалуы тиіс күрделі процедура. Мұндай ем кезінде білікті анестезиологтың қатысуы, толық жабдықталған реанимациялық жағдайдың болуы және анестезиологиялық көмек стандарттарының сақталуы міндетті. Бұл талап жекеменшік те, мемлекеттік клиникалар үшін де ортақ.
Ақмарал Әлназарова әлеуметтік желідегі жазбасында ата-аналардың жиілеген өтініштеріне байланысты ведомствоның нақты ұстанымын түсіндірді. Оның айтуынша, ұзақ наркоз бен бір мезетте бірнеше тісті емдеу баланың жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйесі тарапынан асқыну қаупін арттыруы мүмкін. Соған қарамастан, кейбір клиникалар ата-аналарға «ыңғайлы нұсқа» ретінде барлық тісті бір сессияда емдеу қызметін ұсынады. Министр мұндай тәсіл тек нақты медициналық көрсеткіштер болғанда ғана орынды екенін атап өтті.
Бас прокуратура талап еткен тексерулер аясында бүгінде 622 стоматологиялық нысан бақылауға алынды. Оның ішінде:
– 290 тексеру тіркелген;
– 135 аяқталған;
– 103 тексеріс жалғасуда;
– 52 нысан тіркеуден алынып тасталған (іс жүзінде жұмыс істемейтіні анықталған);
– 26 нысан тексеруге тіркелу кезеңінде.
Өңірлік прокуратуралар жолдаған 316 ұйымның 34-і МӘМС/ТМККК аясында қызмет көрсетсе, 282 клиника тек ақылы түрде жұмыс істейді.
Министр ата-аналарды ерекше сақ болуға шақырды. Оның айтуынша, кез келген инвазиялық процедураға келісім бермес бұрын тәуекелдер, көрсеткіштер және жүргізу шарттары жөнінде толық әрі ашық ақпаратпен танысу қажет.
Ақмарал Әлназарова: «Баланың қауіпсіздігі — бірінші орында. Денсаулық сақтау министрлігі бұл қағидатты өзгеріссіз ұстанады», — деп мәлімдеді.
В Атырау -2