
2025 жылғы қаңтар–қазан айларының қорытындысы бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің көлемі 116,8 млрд теңгеге жетті.
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Амангелді Саламат мәлімдеді. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,6 пайызға артты.
Басқарманың мәліметі бойынша, өсімдік шаруашылығында 52,7 млрд теңгенің өнімі алынса, мал шаруашылығы бағытында 61,7 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өңірде мал басы да көбейіп отыр. Бүгінде облыста 238 мың бас ірі қара, 590 мың бас қой-ешкі, 150 мыңға жуық жылқы, 43 мың бас түйе және 243,8 мың бас құс бар.
"Есепті кезеңде өңірде 40 мың тонна ет, 27,6 мың тонна сүт және 43 млн дана жұмыртқа өндірілген", - деп атап өтті Амангелді Саламат.
Басқармадағылар Атырау облысында егін жинау жұмыстары толық аяқталғанын хабарлады. Барлық егілген алқап жиналып, жалпы өнім көлемі 144,3 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 68,7 мың тонна көкөніс, 39,6 мың тонна бақша өнімі, 7,3 мың тонна картоп және 28,6 мың тонна мал азықтық дақылдар алынған.
Өңірде алдағы жылдары ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық бастамалар жүзеге аспақ. 2025–2027 жылдары 12 жоба іске асырылып, 460 жаңа жұмыс орны құрылуы жоспарланған. Соның ішінде 2025 жылы алты жоба пайдалануға берілмек.
В Атырау -2