Атырау, 8 желтоқсан 15:45
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

ҚМГ басшысы Атырау облысының кен орындарына барды

Сурет
68 рет қаралды
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (ЕМГ) Прорва кен орындары тобына барып, мұнай-газ өндірудің тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларды іске асыру барысымен танысты.  

ҚМГ басшысы 2 млн тонна мұнай қорымен өнеркәсіптік игеруге берілген Батыс Қарасор кен орнында болды. Бұл кен орнын іске қосу ЕМГ-де өндіру көлемін, атап айтқанда 2026 жылы қосымша 70 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Компания газ өндірісін арттыруға көңіл бөлуде. Батыс Прорвада жобаның бірінші кезеңі басталды, оның аясында жылына қосымша 100-150 млн м³ өндірілетін болады. Келесі кезеңде жыл сайынғы өндіріс қуаты тағы 500 млн м³ газға артады.

Сонымен қатар Асхат Хасенов Исатай ауданындағы Оңтүстік-Шығыс Новобогат кен орнында газды кешенді дайындау қондырғысының құрылысына қатысты есеп тыңдады. Қондырғыны келесі жылы іске қосу ішкі нарыққа тауарлық және сұйытылған көмірсутек газының жыл сайын қосымша көлемін қамтамасыз ете отырып, кен орнында мұнай өндіруді жылына 20 мың тоннадан 110 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, ЕМГ өндірілетін қордың жартысынан көбін құрайтын тұтқырлығы жоғары және өткізгіштігі төмен кеніштерден өндірілуі қиын қорларды белсенді игере бастады. Атқарылып жатқан геологиялық-техникалық іс-шаралардың нәтижесінде өндірілуі қиын қорлардан мұнай өндіру көлемі биыл 750 мың тоннаға жетті, бұл жылдық өндірудің 26% құрайды.

Ресурстық базаны толықтыру және мұнай өндіру деңгейін сақтап тұру мақсатында қолданыстағы кен орындарда қосымша барлау іс-шаралары жүріп жатыр. Нәтижесінде 2025 жылы өндірілетін қордың өсімі 2,7 млн тоннаны құрады. Сонымен қатар жер қойнауын геологиялық зерттеу аясында болашақ перспективасын бағалау үшін бірқатар учаске қарастырылуда.

Рентабельдігі төмен кен орындардың экономикалық көрсеткіштерін жақсарту үшін ағымдағы шығындарды оңтайландыру және операциялық тиімділікті арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

2025 жылдың 11 айында ЕМГ 2 млн 601 мың тонна мұнай өндіріп, жоспарды 32 мың тоннаға артық орындады.

Жалпы, қабылданып жатқан шаралар алдағы 5 жылда мұнай өндіруді 200 мың тоннаға, ал тауарлық газды өткізуді жыл сайын 700 млн м³ ұлғайтуға мүмкіндік береді.

А.Хасенов Ембімұнайгаз басшылығына қолға алынған инвестициялық жобаларды сапалы іске асыру, өндірістік көрсеткіштерді арттыру, шығындарды қысқарту, сондай-ақ қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.


6 желтоқсан, 16:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.