
Қаржы нарығын реттейтін орган медициналық сақтандыру жарнасын төлемейтіндер банк үшін қауіпті деп санайды, деп хабарлайды kolesa.kz.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк қызметін реттеу мәселелері бойынша нормаға өзгеріс енгізу жобасын әзірледі. Оған сәйкес банк қарыз алғысы келетін адамның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), әлеуметтік сақтандыру және өзге де төлемдер бойынша қарызы бар-жоғын міндетті түрде тексереді.
Жоба авторлары медициналық және әлеуметтік сақтандыру бойынша берешекті несие алушының төлем қабілеті мен қаржылық тәртібінің көрсеткіші ретінде қарастыруды ұсынды.
«Мұндай қарызы бар азамат банктер үшін сенімсіз саналады, себебі міндетті төлемді кешіктіріп аударатын не әдейі төлемейтін адамның жауапкершілігі төмен болуы мүмкін, бұл оның несие алған соң оны да уақытылы төлемеуі ықтимал екенін білдіреді. МӘМС жарнасын төлемейтін кісі сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмек ала алмайды, мұндай клиент ауырса, еңбекке жарамсыз немесе мүгедек болып қалса, төлем қабілеті төмендеп, банк үшін тиімсіз болуы мүмкін», — деп түсіндірді жауапты орган.
Агенттік Kolesa.kz редакциясына хабарлағандай, қарыз алушының міндетті жарнаны қалай төлейтінін тексеру талабы автонесиеге ғана емес, барлық несие түріне қатысты болады. Бірақ 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін автонесие рәсімдегенде қарыз жүктемесінің коэффициенті ескерілмейді.
В Атырау +1