Атырау, 19 желтоқсан 22:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

Табылды мұрасы тірі: Индерде бард ақынға арналған флешмоб өтті

Бейнежазба
562 рет қаралды

Атырау облысы Индер ауданының Индербор кентінде бард-ақын, әнші-сазгер Табылды Досымовтың құрметіне ерекше флешмоб өтті. Шара Индербор кентіндегі орталық саябақта орналасқан ақынның ескерткіші жанында ұйымдастырылды.

Флешмобтың ерекшелігі – Досымовтың 60 жылдық мерейтойына орай аудан тұрғындарының бір мезетте гитарада тік тұрып «Сәйгүлік» әнін орындауы болды. Ән шырқауға кәсіби музыканттармен қатар мектеп оқушылары, мұғалімдер, спорт саласының өкілдері және түрлі кәсіп иелері қатысты.

Шараның идея авторы – журналист, табылдытанушы Тәуірбек Бозекенов, ал ұйымдастырушылар – Индер аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен аудандық мәдениет үйі.

Индер ауданы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шарада ақынның әндері шырқалып қана қоймай, шығармашылық мұрасы да кеңінен еске алынды. Жиналғандарға Табылды Досымовтың өмір жолы, шығармашылығы мен ұлттық мәдениетке қосқан үлесі туралы деректер ұсынылды.

«Сәйгүлік» әнінің әуенін қазақтың тұңғыш бард ақыны аталып жүрген Табылды Досымов жазған, ал сөзі Маңғыстау өңірінің тумасы, ақын Светқали Нұржанға тиесілі.

Идея авторы Тәуірбек Бозекенов флешмоб туралы былай деді:

– Бұл шараны біраздан бері жоспарлап жүрген едім. Табылды Досымовтың 60 жылдығы аясында бірнеше іс-шара өтті, соның ең маңыздысы – Стамбұлда өткен еске алу кеші. Ондағы қазақ бауырларымыз Досымовтың әндерін ерекше жақсы көреді екен. Түркиядан келген бойда осы флешмобты қолға алуға кірістім. Идеямды аудандық мәдениет бөлімі мен мәдениет үйінің басшылары бірден қолдады. Индер ауданының барлық гитарашыларын – кәсіпқой және әуесқой орындаушыларды жинап, бір мезетте «Сәйгүлік» әнін шырқадық. Барлығы 60 гитарист қатысты. Бұл шараның мақсаты – Индер ауданында әр екінші бала мен әр екінші ересек адамның Табылды Досымовтың әндерін орындай алатынын көрсету. Мәселен, Мұқағали Мақатаевтың туған жері Қарасазда жұрттың бәрі ақын жырларын жатқа біледі, ал композитор Ержан Серікбаевтың Арысында оның әуендері үзілмейді. Сол сияқты Табылды Досымов дүниеге келген Индер топырағында да әр екінші бала гитара шертіп, бард ақынның әндерін нақышына келтіріп айтады. Шара өте керемет өтті, ерекше рухтанып қайттық.

Шара Табылды Досымовтың мұрасын ғана насихаттап қоймай, өңір жастарының гитараға деген әуестігін де арттыра түсті. «Жақсының аты өлсе де, хаты өлмейді» деген осы — өзі дүниеден өтсе де, артында қалған мұрасы жасай бермек.

Айнұр САПАРОВА

Суретті жолдаған Т. Бозекенов

Видеоны түсірген А.Төлегенов

3 желтоқсан, 15:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.