«Қазақстан жетімдерсіз» жобасының аясында жетім балалар туралы мәліметтер сақталған онлайн-банк орналасқан www.usynovite.kz порталы қызмет көрсете бастады. Бүгінде сайттың арқасында 100-ден астам бала отбасын тапты.
Жобаға білім беру министрлігінің балалар құқығын қорғау комитеті мен «Ерікті қайырымдылық қоғамы» (ЕҚҚ) қоры бастамашы болды. Телефон арқылы сөйлескен «ЕҚҚ» қорының директоры Аружан САЙЫННЫҢ айтуынша, базада3 446 сауалнама бар, олардың саны да көбеюде екен. Сайттан балалардың сауалнамасын көріп қана қоймай, отбасыңыздың жаңа мүшесін таңдап, жынысын, жасын және т.б. көрсетуіңізге болады.
– Сондай-ақ, сәбидің туған бауырларының бар-жоғын біліп, алдын ала баланы орналастыру түрін анықтауыңызға болады. Бұл асырап алу, патронат, қамқорлық болуы мүмкін, - дейді А. Сайын. – Сайтта құжаттарды ресімдеу тәртібі туралы да мәліметтер бар. Осы жерден туындаған сұрақтарыңызды онлайн режимінде қоюға болады.
Анықталғандай, «Қазақстан жетімдерсіз» жобасын жүзеге асыру үшін үкіметтік емес 20 ұйым біріккен. Олар қолданыстағы заңнаманы талдап, мәжіліске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жасаған. Мәжіліс олардың екеуін қарауға қабылдады: 1. Сәбиді ол орналасқан жерге келгеннен бастап, мейлі ол тастанды немесе табылған бала болсын, сонымен қатар, сәбиді перзентханада бас тарту туралы ресми өтінішсіз қалдырған жағдайда үш ай өткенде асырап алу мүмкіндігі (бүгінде бұл мерзім алты айды құрайды); 2. Егер балалардың мүдделеріне сай келетін болса, балалар өздерінің туыстар екенін білмесе, бірге тұрмаған және тәрбиеленбеген болса, бауырларды түрлі адамдардың асырап алуына мүмкіндік беру.
– Күндердің күнінде республикада балалар үйі жабылып, әр бала отбасында тәрбиеленетін болады, - дейді А. Сайын сеніммен.
Анастасия ПАСТУХОВА