Алмагүл ықшам ауданындағы үш 16 қатарлы үйде жаңа жеделсатылар орнату басталды. Жабдықтарды ауыстыру республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттарды тұрғындардың келісілген кесте бойынша қайтаруын көздейтін ТКШ-ны терможаңғырту бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатыр. Адамдарға шарттар таратылды, алайда барлығы бірдей құжатқа қол қоюға асығар емес.
«НЕЛІКТЕН» ДЕГЕН МЫҢ САУАЛ
Тұрғындардың біреуі «АЖ»-ға хат жолдапты: «Мен Алмагүл ықшам ауданындағы №17 үйде тұрамын. Жақында бізге жаңа жеделсатыны орнату шартын ұсынды. Менің ойымша, осы үш жақты шарттың мазмұны заңдық тұрғыдан дұрыс емес. Жеделсатының техникалық сипаттамалары мен төлем туралы нақты ақпарат жоқ (біз 2014 жылдан бастап 7 жылға дейін әр пәтерге шаққанда жалпы сомасы 220 000 теңгеден аса ақша төлеуіміз керек, яғни, әр айға, шамамен -2700 теңге). Алайда жеделсатының кепілдемелік мерзімі – шарт жасалғаннан кейін 2 жыл.
Шартта жеделсатының апат және абоненттік қызметтерінің мекенжайлары мен байланыс телефондары, сондай-ақ тараптардың толық деректемелері де толық көрсетілмеген.
Алмагүл ықшам ауданында жаңа жеделсатылар салу ТКШ-ны жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы аясында өтіп жатыр, олай болса шартқа қалалық әкімдік бір тарап болып неге қатыспаған? Егер қондыру мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізіліп, республикалық бюджеттен қаржы бөлінсе, тұрғындар неге өз қалталарынын төлеу керек, қарап тұрсаңыз, аз ақша да емес. Егер бұл жаңа жеделсаты болса, неге оның кепілдеме мезгілі - 2 жыл (қарапайым тұрмыстық техниканың кепілдеме мерзімі 3 жыл болады), ал тұрғындар неге 7 жыл бойы төлейді? Одан әрі не болады? Ескі жеделсатылардың күйін кешпесімізге кім кепілдік береді? Осындай сұрақтар мен күмәнді ойлар өте көп. Мен жеделсаты орнатуға қарсы емеспін, өзім 6-қатарда тұрамын, алайда бұлар істен шықса, тұрғындарға ауыртпалық түспесін деймін».
Осы үйге қызмет ететін «Артем» ЖК ПИК-тің төрағасы Игорь ЛЯННЫҢ айтуынша, түрік өндірісінен шыққан жеделсатыны орнатумен «Каспийлифт» ЖШС айналысып жатыр екен. Бір жеделсатының құны – 9 млн теңге. Өткен жылы осындай жеделсатылар Алмагүл ықшам ауданының бес 16 қатарлық №№18, 20, 21, 22, 24 үйлеріне орнатылды. Биыл қалған үш үй: №№17, 19, 23 үйлерге жүргізіледі.
- «Каспийлифт» ЖШС түрік және белорус жеделсатыларын орнатуға маманданған, - дейді Лян.– Олардың зауыттық кепілдеме мерзімі 3 жыл. Төлемдерді 3-қатар тұрғындарынан бастап аламыз. Осылайша бір үйден126 пәтер шығады.
«ЖЕДЕЛСАТЫЛАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК КОМИССИЯ ҚАБЫЛДАП АЛАДЫ»
И. Лянның айтуынша, жеделсатыларды орнатуды «Атырау қаласының тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС үйлестіреді. Біз сол мекемеге оқырманымыздың хатын жіберіп, директордың міндетін атқарушы Асылбек Мүліковтан келесідей жауап алдық:
«Жеделсатының техникалық сипаттамасының жоқ болуына қатысты айтатын болсақ, Мердігерлік шарт мәніне жеделсатылық жабдықты сатып алу, ескі жеделсатылық құрылғыны бұзып, жаңасын орнату кіреді. Яғни, Мердігерлік шарт пен Тұрғындармен жасалатын шартты әзірлегенде жеделсаты жабдығы әлі алынбаған еді. Алайда, мердігер «Каспийлифт» ЖШС-нің Шарт бойынша көрсететін кепілдемелік қызметі 36 айды (3 жыл) құрайтынына назар аударуларыңызды сұраймыз және тұрғындардың мүддесі үшін кепілдемелер жеделсаты жабдығының барлық материалдары мен монтаждау жұмыстарына да әрекет ететіні жөнінде келісілді (Мердігерлік шарттың 8.1 т.)
Шартқа сәйкес, мердігер жеделсатылық жабдыққа қызмет көрсетуді жеделсатылар қолданысқа енгізігеннен бастап 7 жыл бойы жүргізуді міндетіне алды. Апат және абоненттік қызметтердің байланыс телефондары жеделсаты кабинасына жазылатын болады. Сонымен қатар, байланыс ақпараттарын ПИК хабарландырулар тақтасында тарататын болады.
Шартта қалалық әкімдік тарапының жоқтығын былай түсіндіруге болады: Мердігерлік шартқа сәйкес бас мердігерлік ұйым ретінде біздер - «Атырау қаласының тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС қатысамыз, ал Атырау қаласының әкімдігі біздің 100% құрылтайшымыз болып табылады.
Ескі жеделсатыны алып, орнына жаңасын орнату аяқталған соң, Атырау қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, жұмыстарды құрамына қала әкімінің орынбасары, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің директоры, қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы, қалалық ТЖ басқармасының басшысы, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы және қалалық ТКШ бөлімінің басшысы кіретін мемлекеттік комиссия қабылдап алады.
Әкімдік шартқа қатысса, барлық коммуналдық шаруашылық мәселелері тұрғындардың қатысынсыз, өтемсіз және тез арада шешіледі деп ойлаудың еш реті жоқ. ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, пәтер иелері ортақ мүлікті қамтамасыз ету мен қолдану бойынша жұмсалатын ортақ шығындарға өз үлестеріне қарай қатысуы керек. Ортақ мүлікті жеке мақсаттар үшін қолдануға байланысты шығындарды осы мүлікті шектеулі қолдану құқығы бар меншік иесі өтеуі керек. Тұрғын үйді қамтамасыз ету шығындары ай сайын жүргізіледі.
Сонымен қатар, «КазЦентрЖКХ» АҚ жанынан көп пәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жүргізу мәселелері бойынша кеңес беру бекеті ашылғанын хабарлаймыз. Телефоны: 8 8000 8000 12, қоңырау шалу Қазақстан бойынша тегін».
Сәуле ТАСБОЛАТОВА