Мұз сарайында облыстық «Бейбарыс» хоккей командасының өз алаңында ойнайтын алғашқы екі матчы өтті. Рудендік «Горнякпен» өткізген екі ойында да алаң иелері жеңіске жетті.
Алғашқы ойынның 10-минутында «Горняк» командасының шабуылшысы есеп ашты. Александр Истоминнің шәкірттері 3-кезеңде есепті теңестіріп (Вячеслав Трясунов), матч аяғында «мәмлүк» Владимир Мамонов жеңіс шайбасын енгізді. Есеп – 2:1.
Екінші ойында да есепті қонақтар ашты – Мельников пен Муллахметов шеберлік танытып, «Бейбарыс» қақпашысы Ни Райенді қапы қалдырды. 1-кезеңнің соңында өткен матчтың қаһарманы Мамонов есепті теңестірді. Екінші кезеңнің басында Йен Макдональд екі минутта екі гол соғып, «Бейбарысты» алға шығарды – 3:1. Кезеңнің соңына дейін қонақтар есепті қысқартып, бір гол соға алды. Үшінші 20 минуттықта Алексей Данилов есепті 4:2 етті. Қонақтар да қарап қалмай, гол айырмашылығын қысқартты. Қорытынды есеп – 4:3, «Бейбарыстың» пайдасында.
Осы турдан кейін «Бейбарыс» турнир кестесінде 1-орынға көтерілді (15 ұпай), одан кейін көкшетаулық «Арлан» (14), теміртаулық «Арыстан» (13), павлодарлық «Ертіс» (12) келеді. «Арлан» мен «Ертістің» бір ойындары кем екенін де айта кеткен жөн.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ