Атырау, 19 желтоқсан 22:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

Жамбыл облысында жаңа химия зауытының құрылысы басталды

332 рет қаралды

Мемлекеттік қолдау арқылы Жамбыл облысында жылына 25 мың тонна натрий цианидін шығаратын жаңа химия зауытының құрылысы қолға алынды. Бұл жоба елдегі химия және қайта өңдеу өнеркәсібін дамытудағы маңызды бастамалардың бірі саналады. Зауытты іске қосу 2027 жылдың наурыз айына жоспарланған.

Кәсіпорын «Химпарк Тараз» арнайы экономикалық аймағында салынып жатыр. Ол ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Моңғолияға экспорттауды да көздейді.

Жоба жүзеге асқанда Қазақстанның химия саласы айтарлықтай күшейіп, аммиак пен каустикалық сода бойынша ішкі нарық шамамен 50%-ға кеңеймек. Сонымен қатар, бұл бастама жергілікті қамтуды арттырып, қосымша салалардың дамуына серпін береді.

Зауыт іске қосылғаннан кейін 108 тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал құрылыс кезеңінде 200-ге жуық адам уақытша жұмыспен қамтылмақ. Экономикалық пайдасы да айқын: республикалық бюджетке жыл сайын шамамен 500 млн теңге салық түседі деп күтілуде.

Инвестициялық жобаны «Altynalmas Reagents» ЖШС жүзеге асырып отыр. Бұл өндіріс Қазақстан мен Орталық Азиядағы тау-кен өнеркәсібіне қажетті шикізатты ішкі нарықтан тұрақты жеткізуге мүмкіндік береді. Айта кетейік, натрий цианидіне деген сұраныс жыл сайын артып келеді.

Құрылысты қаржыландыруды «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы қамтамасыз етуде. 2023 жылдың қыркүйегінде банк пен компания арасында несиелік желі туралы келісім жасалған. Ал 2024 жылдың мамырында алғашқы қаржыландыру ашылды. Бөлінген қаражат көлемі – 98,8 млн еуро, бұл жобаның жалпы құнының 75%-ына тең. Қаражат жобалау, құрылыс-монтаж және іске қосу жұмыстарының барлық негізгі кезеңдерін қамтиды.

27 қараша, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.