
Атырау қаласы полиция басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары Иманғали орталық мешітінің наиб имамымен бірге әкімшілік қамауда отырған азаматтармен кездесті.
Кездесу тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында инспекторлар тұрмыстық жанжалдың құқықтық салдарын түсіндіріп, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік түрлерін айтты. Сондай-ақ, отбасы ішіндегі ұрыс-керістің адамның денсаулығына, психологиялық жағдайына және балалардың дамуына кері әсері туралы ескертті.
Полицейлер жанжалдарды қалай алдын алуға болатынын, дау туындаған жағдайда оны заң шеңберінде шешудің маңыздылығын атап өтті.
Имам тарапынан отбасы құндылықтары, сабырлық, өзара сыйластық пен жауапкершілік туралы насихат жүргізіліп, қатысушыларға діни тұрғыдан түсіндірілді.
Айта кетейік, 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында республика көлемінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа назар аудару, зардап шеккендерді қорғау және қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы өтуде.
Осы шара аясында құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, зардап шеккендерге қолдау көрсетуде.

В Атырау +4