Атырау, 19 желтоқсан 22:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

Атырау облысында тұрмыстық зорлық-зомбылық күрт өсті: 5 мыңға жуық құқықбұзушылық тіркелді

334 рет қаралды
Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Атырау облысында республикалық «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-әрекет» науқаны өз жұмысын бастады. Биылғы акция «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» ұранымен өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарланды.

Мамандар цифрлық кеңістіктегі қысым, онлайн қудалау, рұқсатсыз фото-видео тарату сияқты әрекеттердің көбеюі осы бағыттағы жұмысты күшейтуді талап ететінін айтты. Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор-комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина онлайн зорлық-зомбылықтың нақты қауіп екенін атап өтті.

— Цифрлық зорлық-зомбылық тек интернеттегі агрессия емес. Ол адамның абыройына, психологиялық денсаулығына және қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Сондықтан қоғамда нөлдік төзімділікті қалыптастыру аса маңызды, — деді ол.

Полиция департаментінің мәліметінше, биыл 10 айда өңірде 4 720 тұрмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Сонымен қатар 3 830 қорғау нұсқамасы шығарылып, 986 адамға ерекше талаптар белгіленген.

Атырау облысы ПД ЖПҚБ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Айгерім Мұратова профилактикалық жұмыстардың үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтты:

— Қолайсыз отбасыларға мобильді топтар барды, агрессорларға қатысты бақылау шаралары күшейтілді. Әр дерек жеке қаралып, жапа шеккендерге құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі, — деді полиция майоры.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына биыл 57 адам орналастырылды, оның ішінде 14 әйел және 47 бала. Қазір орталықта кәмелет жасқа толмаған 5 баласымен бір ана паналауда. Жыл басынан бері орталықта 227 кеңес берілген.

Брифинг соңында спикерлер тұрғындарды зорлық-зомбылық фактілерін жасырып қалмауға, цифрлық ортадағы агрессияға бей-жай қарамауға, қажет жағдайда 111 немесе 102 нөміріне хабарласуға шақырды.

26 қараша, 13:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.