
Атырау қаласында ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылып, оның нәтижесі ата-аналар үшін айтарлықтай жеңілдік әкелді. Қазір жобаға 171 балабақша – 47 мемлекеттік және 124 жекеменшік ұйым қатысып отыр.
Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін 1–6 жас аралығындағы балалардың кезегі 17 211-ден 6 381-ге дейін азайды. Ал 2–6 жас санатында бар болғаны 140 бала ғана кезекте тұр.
Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Гүлсім Жұмабаеваның айтуынша, қабылдау мен жолдама беру процесі толықтай INDIGO платформасы арқылы цифрландырылған. Бұл кезектіліктің ашықтығын қамтамасыз етіп, балабақшалар арасындағы жүктемені тиімді бөлуге мүмкіндік берген.
Кезекті қысқарту үшін қалада 970 орынға арналған алты жаңа балабақша салынды. Сонымен қатар жекеменшік 13 балабақшада 841 орынға мемлекеттік тапсырыс берілген.
Шілде айынан бері ата-аналарға 31 325 ваучер беріліп, соның арқасында 6 мыңға жуық бүлдіршін балабақшаға орналасты. Дегенмен 11 мың ваучердің мерзімі өтіп кеткен, 978-і ата-аналар тарапынан қайтарылған, ал тағы 13 мыңға жуығы жойылған. Қазір 91 ваучер ата-аналардың растауында, 157 бала қабылдауды, 244 ата-ана балабақша таңдауды күтіп отыр. Ваучерлер 2 жастан асқан балаларға беріледі.
В Атырау -1