
Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Ресей аумағында орналасқан теңіз терминалында болған оқиғаға қатысты ресми хабарлама таратты. Ведомство қазақстандық мұнай экспортына қатысты жағдайдың тұрақты екенін мәлімдеді, деп жазады Аzattyq-ruhy.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта КҚК жүйесі арқылы қазақстандық мұнайды экспортқа тасымалдау және теңіз терминалынан жөнелту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес, қалыпты режимде жүргізіліп жатыр.
«25 қарашадағы оқиғаға қатысты: қолда бар деректерге сай, теңіз терминалының әкімшілік корпусы зақымданған. Бұл жағдай өндірістік процеске әсер еткен жоқ. Қазақстан аумағындағы учаскеде жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау шектеусіз жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірді министр кеңесшісі – Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікбаева.
Ведомство өкілдері жағдайдың тұрақты бақылауда екенін және қосымша жаңартылған ақпарат пайда болған жағдайда хабарланатынын атап өтті.
Еске сала кетсек, осыған дейін 24 қыркүйекте Каспий құбыр консорциумының Новороссийскідегі кеңсесіне дрондар шабуыл жасаған болатын. Сол кездегі шабуыл салдарынан компанияның екі қызметкері түрлі деңгейдегі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілген. Әкімшілік кеңсенің жұмысы уақытша тоқтатылып, қызметкерлер эвакуацияланған еді.
В Атырау -1