
Атырау қаласында «Наурызова» ЖК жартылай дайындалған тауық өнімдерін шығаратын жаңа цехтың ашылғаны хабарланды. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, мұнда дайындалған өнімдер -18°С температурада бір жылға дейін сақталады.
Жаңа цехтың қуаттылығы тәулігіне 2–3 тонна, айына 70 тоннаға дейінгі өнім өндіруге мүмкіндік береді. Компанияның өндіріс желісі Атырау, Ақтау және Орал қалаларында жұмыс істеп тұр. Кәсіп иелері келер жылдан бастап Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан нарықтарына экспорттауды жоспарлап отыр.
Кәсіпкер Айгүл Досымованың айтуынша, өндіріс орны 1080 шаршы метр аумақта орналасқан. Мұнда табиғи құс етінен дайындалған қауіпсіз өнімдер ұсынылады. Ассортиментте сыр қосылған және көкөністі наггетстер, стрипстер, тауық котлеттері және басқа да турама өнімдер бар. Барлығы санитариялық талаптарды сақтай отырып әзірленеді және үй жағдайында тез пісіріп алуға ыңғайлы.
Жоба «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде жүзеге асып, Халық банкі мен «Даму» қорының қолдауымен толық іске қосылған.
В Атырау -1