
Қарағандының «Шахтёр» футбол клубы Freedom Holding Corp. құрамына кіретін, кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компанияға сатылды. Сауда бүгін өткен аукционда жүзеге асты. Бұл қадам – Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту және футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясындағы шаралардың бірі. Жекешелендіру заң талаптарына толық сай жүргізілген.
Клубтың сатылуы Қарағанды футболы үшін жаңа кезеңнің басталуына жол ашты. Облыс әкімдігі мен Тимур Турлов өңірде футбол экожүйесін қалыптастыруға кірісті. Бұл мақсатқа 18,5 млрд теңге бағытталған:
- 12 млрд теңге – жаңа футбол академиясын салуға;
- 6,5 млрд теңге – бұқаралық және балалар-жасөспірім футболын дамытуға бөлінеді.
Ірі жобалар жүзеге асырылуда
Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) президенті Тимур Турловтың қолдауымен бірнеше ауқымды бастамалар қолға алынған:
- мектеп оқушылары мен студенттерді қамтитын ALGA! жобасы – 2029 жылға дейін 40 мыңнан астам бала қатысады, футбол бағдарламалары 100-ден астам білім орнында енгізіледі;
- Freedom BFL ресми балалар-жасөспірімдер лигасы;
- жаңа «Шахтёр» футбол академиясының құрылысы;
- өңір футболын кешенді дамыту стратегиясы.
Жаңа академия Қарағандыдағы кәсіби және бұқаралық футболды дамытудың негізгі өзегіне айналады.
Академия аумағы шамамен 10 гектарды құрайды. Жоба аясында:
- стадион,
- жыл бойы жаттығуға мүмкіндік беретін жабық манеж,
- толық өлшемді алаң,
- екі қабатты әкімшілік кешені,
- медициналық орталық,
- бассейн, сауна, асхана,
- тәрбиеленушілерге арналған жатақхана қарастырылған.
Барлық нысандар жылы дәліздермен жалғанады. Аумақта воркаут-аймақ, тренажерлар, саябақ және автотұрақ та салынады. Негізгі құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Жаттықтырушылар үшін халықаралық тағылымдамалар мен UEFA лицензияларын қамтитын кәсіби оқыту бағдарламалары іске қосылады.
Футбол инфрақұрылымы тек облыс орталықтарында емес, ауылдық елді мекендерде де жүйелі дамытылады.
В Атырау +4