
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев инфляцияны тежеу мәселелерін қарастыратын кеңес өткізді. Жиынға Қаржы вице-министрі, мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері, қаржылық мониторинг агенттігі мен өңір әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Министр жыл басынан бері 160 негізгі азық-түлік тауарларының бағасы 11%-ға өскенін атап өтті. Дегенмен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы салыстырмалы түрде тұрақты болып отыр. Апта сайынғы мониторинг, өндірушілер мен сауда желілерімен жұмыс, мемлекеттік бақылау және тұрақты жәрмеңкелер бағаны ұстап тұруда маңызды рөл атқарады.
Кеңесте әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесін кеңейту мәселесі қаралды. Тізбеге қосымша көкөніс, жеміс-жидек, сүт, ет және балық өнімдерін енгізу ұсынылуда. Бұл шара шекті сауда үстемесін кең ауқымды тауарларға қолдануға және делдалдық тізбектің ықпалын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өңірлерде азық-түлік тауарларын ірі көлемде импорттайтын компаниялар мен жеткізушілердің тізімі айқындалды. Бағаны тұрақтандыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және импортты ашық жүргізу мақсатында орталық және өңірлік деңгейде келіссөздер өткізу жоспарланып отыр.
Министр Арман Шаққалиев әр өңірге инфляцияға ең көп әсер ететін негізгі тауарлардың тізімін ұсынғанын, әр тауар бойынша бағаның өсім себептерін көрсететін алгоритм әзірленгенін атап өтті. Бұл тәсіл негізсіз қымбаттаудың алдын алуға және әр өңірде тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, жәрмеңкелер мен «Береке Fest» форматындағы акцияларды жалғастыру, арзандатылған еттің тікелей жеткізілімін кеңейту және Иран, Пәкістан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстаннан жеміс-көкөніс өнімдерін жеңілдетілген тәртіппен импорттау тетігін сақтау жоспарланған.
В Атырау +4