
Махамбет ауданының Талдыкөл және Бейбарыс ауылдарында кеміргіштер мәселесін жою бойынша шаралар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр.
Мамандандырылған қызметтер жеке үйлердің аумағында дератизация жүргізіп, қазірдің өзінде 100-ге жуық ауланы қамтыды — бұл шамамен 150 мың шаршы метр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, осыған дейін ауылдан ауланған тышқандар арнайы зертханаға тапсырылып, сараптамадан өткізілген. Мамандардың айтуынша, әзірге ешқандай қауіпті инфекция анықталмаған.
- Зиянкестермен күрес мекемесімен келісіп, 1000-нан астам үйге дәрілер тараттық. Қосымша улағыш дәндер алынып жатыр. Дератизация жұмыстары үшін арнайы компаниямен келісім шарт жасақталып, Талдыкөл ауылындағы 47 үй уланды. Дератизациялау тұрғындардың келісіміне қарай кезең-кезеңімен жалғасады,- деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Ауылдарды дезинфекциялаудан бөлек шөп шабу жұмыстары жүргізілуде оған арнайы үш техника бөлінген. Бұл тышқан індерінен құтылуға көмек береді.
Эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау және балалар денсаулығын қорғау мақсатында алдын алу шаралары қабылданды. Бейбарыс ауылындағы А.Байтұрсынұлы орта мектебі мен Талдыкөл орта мектебіне дератизация жасалып, 19 қарашадан бастап уақытша қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Сондай-ақ, «Балдырған» және «Айналайын» балабақшаларының жұмысы да дератизация толық аяқталғанға дейін тоқтатылды.
В Атырау -1