Биылғы хоккей маусымында «Бейбарыс» командасының ойыншылары ғана емес, бапкерлер штабы да өзгеріске ұшырады. Біз бүгін «Бейбарыс» командасы бас бапкерінің жаңа көмекшісі Анатолий ХОРОЗОВПЕН сұхбаттасқан едік.
- Өзіңіз туралы айтыңызшы.
- Киевтік «Сокол» командасында шабуылшы болдым. 1986 жылы жастар арасында КСРО чемпионы атандым. 1992 жылы Ұлыбританияға кетіп, «Дамфриз Викингс» командасында ойнадым. 1993 жылы ойыншы болып жүріп, осы команданың бас бапкері қызметін атқардым. Командаға «Соколдағы» өзімнің бұрынғы клубтастарым Василий Василенко, Николай Лодыгин және Данюс Баубаны алдым.
«ЖС» дереккөзі: Анатолий Владимирович Хорозов, 44 жаста, киевтік «Сокол» командасының бұрынғы ойыншысы, бірқатар шетелдік командаларда жаттықтырушы болған, соңғы жұмыс орны - «Ред Девилс» (Крайстчерч қ., Жаңа Зеландия). 2013 жылдың тамызынан бастап «Бейбарыс» командасы бас бапкерінің көмекшісі.
1996 жылы Украинаға оралдым. Киевтік «Беркут» командасының бас бапкері Александр Куликовтың жарақат алған ойыншыларды оңалту бойынша көмекшісі болып жұмыс жасадым. Команда екі рет Шығыс Еуропа хоккей лигасының чемпионы болды. Содан кейін ұлттық жарақаттану және ортопедия институтында жұмыс жасадым. Андрей Шевченко және ағайынды Кличколар сияқты жұлдыздармен кездестім. «Омыртқаның мойын бөлігіндегі спорттық жарақаттарды оңалту» тақырыбында диссертация жазу жұмысын бастап жатқанмын, алайда күтпеген жерден Жаңа Зеландияның хоккейден 20 жасқа дейінгі құрама командасына бас бапкер болуға шақырған ұсыныс келді. Бүгінде осы елдің ең үздік ойыншылары - менің шәкірттерім деп мақтанышпен айта аламын.
Менің жаттығуларымнан кейін құрама команда әлемдік рейтингте 10 саты жоғары көтеріліп, Аустралия құрамасын жеңді. 2005 жылы жергілікті ұлттық хоккей федерациясының басшыларымен келісе алмай қалып, Оклендтегі «Окленд Адмиралс» командасының бас бапкері лауазымына ауысуға тура келді. бұл команда екі финалға шығып, ұлттық чемпионаттың күміс жүлдегері атанды.
Кейіннен отбасым мен ата-анамды алып, Крайстчерч қаласына көштік. Колледжде анатомия және спорттық медицина негіздері пәнінен сабақ бердім. Жергілікті «Ред Девилс» командасын жаттықтырып, 2012 және 2013 жылдары ел чемпионы атандық.
2013 жылы 24 тамызда менің «Ред Девилс» командасымен келісімшартым аяқталды. Сол уақытта маған «Бейбарыстың» бас бапкері Александр Истомин бірге жұмыс жасау жөнінде ұсыныс берді. Осылайша мен Атырауға келдім.
Мен Александр Анатольевичпен көп жылдардан бері доспын. Біз хоккей тақырыбында пікірлерімізбен бөлісеміз. Қазір командада алыс шетелдерден келген көптеген легионерлер ойнайды. Жаңа ойлар, пікірлер керек болды, сондықтан да мені шақырды.
-Сіздер хоккей жаттықтырушыларының жоғары мектебінде бірге оқыдыңыздар ма?...
-2004 жылы мені Оклендтен канадалық Калгари қаласына жоғары бапкерлер мектебіне оқуға жіберді. 2007 жылы мен Санкт-Петерборда осындай курста оқыдым және сол жерде А. Истоминмен таныстым. Оқу курсы бір жылға созылды. Біз барлығын - теория мен практиканы, тактиканы, ойыншылар психологиясы мен жаттығулар әдістемесін оқыдық.
- Командада атқаратын басты міндеттеріңіз?
- Мен тағы бір чемпиондық атақты алуға көмектесуім керек. Мен өткен маусымда болған жоқпын, алайда ойындардың бейне жазбасынан көптеген мәселелерді көңілге түйдім. Қазақстан чемпионаты өзгерді, Канададан, Швециядан, Чехия мен Словакиядан келген көптеген ойыншылар бар. Жас талантты ойыншылар өз аттарын осы елде шығарып, алға қарай өз мансап жолдарын Құрлықтық хоккей лигасында жалғастыруды ойлап, ағылып келіп жатыр. Қазақстан қазір әлемдегі 10 үздік хоккей державаларының қатарында ғой.
Енді біздің командамыз шапшаң, агрессивті «мұхиттың ар жағындағы» елдердің хоккейін ойнайды деп ойлаймын. Жаңа ойыншылар күшке көп мән беріп, қақпаға жиі лақтырып, шайбаны аларда агрессивті ойын өрнегін көрсететін болады. Жылдамдық өседі. «Бейбарыс» матчтарына келіп, бәрін өз көздеріңізбен көріңіздер.
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ