Ш.Сариев атындағы облыстық өнер музейінде өткенМахамбет Өтемісұлының 210 жылдығына арналған байқау-көрмеде қатысушылардың ерекше назары атыраулық қолөнер шебері Кеңес АЙЫПҚАЛИЕВТЫҢ (суретте)«Махамбеттің найзасы» жұмысына түсті.
Зал бұрышында тұрған найза мельхиормен көмкеріліп, жылқының қалың қара жалы байланған екен. Егер мұқият қарайтын болсаңыз, сабынан Махамбеттің ойылып жазған өлең шумақтарын байқайсыз. Бір жағынан найза үлкен қаламды еске түсіреді. Найзаны қаламға теңей отырып, шебер Махамбеттің рухын жеткізе білген. Ұлы ақын әрі батыр бабамызға деген зор сүйіспеншілікпен жасалған дүние.
Кеңес шебер туралы да көп нәрсе айтуға болды. Сыртқы тұлғасына қарасаңыз, ұзын шашын артына түйген, нағыз богемалық өмір салтын ұстанған суретшіні көресіз. Бойы ұзын, қыр мұрынды және сүйрік иегі көтеріңкі. Қарапайым, көп сөйлемейді. Жапондықтар сияқты тұрмыста азды қанағат тұтады. Мүмкін, бұл Тайсойған даласында малшы отбасында дүниеге келіп, ер жеткенінен шығар. Балалық шағында әкесіне қамшы өруге көмектесіпті. Мүмкін, сол уақытта жан-дүниесінде суретшілік өнер қалыптасты ма? Мектеп бітіргеннен кейін үйлі-баранды болып, жұмыс іздеп қалаға келеді. Ол тікелей сол кездегі белгілі қолөнер шеберінің шеберханасына келіп, көмекші болуға сұранады. Оны қабылдамады. Ал екі жыл өткеннен соң, Кеңес өрген қамшыны көріп, көмекшіліке өзі шақырды. Кеңес сол шеберханада көп жыл бойы жұмыс жасап, терімен, сүйекпен және басқа да табиғи материалдармен ұстазының жұмыс жасау дағдысын игерді.
Кеңес өз өмірінде сансыз қамшы өрсе де, үйінде бір сынығы да жоқ екен. Жалпы, үйінде өзі жасаған бір-екі бұйымнан басқа ештеңе көрінбейді. «Қайда?» деген сауалға Кеңес «Мұражайда» деп жауап бере салды. Мақтанудың да, масаттанудың да ізі жоқ. «Кеңес тумысынан ақ көңіл, кең пейілді жан, өз туындыларын өзіне ұнаған адамдарға – достарына, әріптестеріне, қонақтарына сыйлай салады», - дейді жұбайы Ұлболсын.
Үйде шебер жасаған бұйымдар жоқ, алайда олар бұған қиналмайды, жалпы отбасы тұрмыстық дүниелерге қызықпайды деуге болады. Есесіне төрт баласы бар және кіші ұлы Олжас әкесінің жолын қуған. Ол Орал университетінің суретшілік-графикалық факультетінде зергерлік өнерді меңгеруде. Олжастың бала күнінде жасаған жұмыстарынан Айыпқалиевтар отбасында әкесінің ізін басатын талантты ұрпақ өсіп келе жатқанын көруге болады.
Кеңес жас күнінде ауылдан қойдың жауырын сүйегімен адамдарды емдеген халық емшілерін көп көргенін айтады. Көріпкел жауырынды бірнеше жерінен тесіп, сол жерлерге ерітілген қорғасын құятын. Пайда болған жарықтардан бақсылар адам болашағын оқитын. Бала кезінде пайда болған осы сезімі оның шығармашылығына үлкен әсер етті және жануар сүйегі оның теріден, асықтан, темір мен металдан жасаған бұйымдарымен керемет үндесін тапқан. «Ақ Желкен» галереясында тұрған «Самұрық» туындысында жауырын аңыздағы алып құсты есіңе түсіреді. Ал «Шежіре» жұмысында түйенің үлкен жауырын сүйегі генеалогиялық бәйтерек діңгегі ретінде қолданылса, одан кіші қойдың жауырын сүйектеріне ру таңбалары салынып, жапырақ ретінде пайдаланылған. Туынды өте көлемді және құрылымы жағынан күрделі. Онда асықтар, түрлі түсті металдар, ағаш, тері және өрім қолданылған. Бұл - шебердің үйінде ілініп тұрған жалғыз өз туындысы. Оның жұмыстарында ешбір бөгде мәдениеттің әсері жоқ. Таза қазақи дүниелер.
Суретшілік білімінің жоқтығы Кеңестің қазақ тұрмысының керемет бұйымдарын жасауына еш бөгет болмады. Алайда жақында АМУ-дің көркем сурет факультетін сырттай бітіріп, жоғары білім алған екен. - Егер осы бір бет қағазың болмаса, мұражайлар жұмысыңды жоғары деңгейде жасалған туынды болса да, алмайды, - дейді.
Оның жұмыстары республикалық және облыстық мұражай-ларда, қаладағы «Тенгри-Арт» және «Ақ Желкен» галереяларында қойылған. Ал «Бойтұмар» атты шығармасы Президент резиденциясында сақталып тұр. Көптеген туындылары жеке адамдардың қолында екен.
Зинат ОРЫНБАСАРОВА
Суретті түсірген автор