Атырау, 5 желтоқсан 07:51
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Қазақстандық шаруашылықтар биыл 25 мың техника сатып алды

432 рет қаралды

Қазақстан аграрлық секторында машина-трактор паркін жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл шаруашылықтар 25 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өндіріс тиімділігін арттыру мақсатында техниканы жаңарту және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын кеңейтіп келеді. Оның ішінде инвестициялық субсидиялау тетігі бар: басымдыққа байланысты сатып алынған техниканың 15–30%-ы мемлекет тарапынан өтеледі. Бұдан бөлек, кредит пен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлеме басым техникаларға 6%-ға дейін, басқа түрлеріне 15%-ға дейін субсидияланады.

Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да жалғасуда: сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5%, мерзімі 7 жылға дейін. 2025 жылға бұл бағытқа 250 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде машина-трактор паркін жаңарту көрсеткіші 6,5%-ға жетті.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ деректеріне сәйкес, өткен жылы шаруашылықтар 228,5 млрд теңгеге 10,5 мың техника сатып алған. Әсіресе трактор мен комбайнға сұраныс артқан: 4729 трактор (+66%) және 924 комбайн (+80%).

2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 255 млрд теңгеге 10 100 дана техника лизингке беріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары көрсеткіш.

Мемлекеттік ынталандыру бағдарламалары ауыл шаруашылығы машина жасау саласына мультипликативтік әсер беріп отыр. Қазақстанда өздігінен жүретін техника шығаратын 10 зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар ел John Deere және CLAAS сияқты әлемдік брендтердің техникасын құрастыру алаңына айналды.

Нәтижесінде отандық өндірушілер ішкі нарықтың трактор мен комбайнға деген сұранысының 90%-ын қамтамасыз етіп, саланың технологиялық тәуелсіздігін күшейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға үлес қосуда.

21 қараша, 13:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.