
Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ ұсынған соғысты тоқтатуға бағытталған құпия бейбіт келісім жобасының бар екенін растады. Вашингтон бұл құжатты «дипломатиялық үдерісті жандандыра алатын маңызды ұсыныс» деп есептейді, деп хабарлайды newsroom.kz.
Украина президенті офисі таратқан мәліметке қарағанда, Зеленский аталған жоспардың барлық тармақтарын АҚШ президенті Дональд Трамппен жеке кездесуде талқылауды жоспарлап отыр. Киeв ұсынылған құжаттың мазмұнын «соғысқа лайықты нүкте қойылатын деңгейге жеткізуге» ниетті.
Хабарламада Украина қақтығыс басталған сәттен бері бейбіт шешім жолын қолдап келе жатқаны атап өтілген:
«Украина Ресейдің басып кіруінің алғашқы секундтарынан бастап бейбітшілікке ұмтылды. Біз осы мақсатқа жақындататын кез келген мазмұнды ұсынысты қолдауға дайынбыз. Биылдың басынан бері қантөгісті тоқтату үшін президент Трамптың бастамаларын қолдадық. Қазір де АҚШ пен Еуропадағы серіктестермен конструктивті жұмыс істеуге әзірміз. Нәтиже – бейбітшілік болуы тиіс», – деп мәлімдеді Украина президенті офисі.
Зеленскийдің айтуынша, Трамппен алдағы кездесу барысында жоспардың толық мазмұны егжей-тегжейлі талданады.
Бұған дейін ақпарат құралдарында АҚШ пен Ресей арасында Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған құпия бейбіт жоспар бар екені туралы деректер тараған. Ол 28 тармақтан тұрады және төрт негізгі бағытты қамтиды:
- соғысты толық тоқтату,
- қауіпсіздік кепілдіктерін бекіту,
- Еуропада тұрақтылықты күшейту,
- АҚШ-тың Киев және Мәскеумен болашақ қарым-қатынасын реттеу.
Қазір бұл құжат белгісіз форматта талқыланып жатыр. Енді Украина тарапынан қандай шешім қабылданатыны Трамппен өтетін келіссөздерден кейін белгілі болмақ.
В Атырау -1